Мектеп оқушысы миллионер атанды

(0 Votes)

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», деп дана халқымыз текке айтпаған. Білім адам бойына біткен ең мықты қару. Адамзаттың ең биік шыңы білімді толық меңгерген күні. Бүгінгі заманда ғылым мен білім бір орында тұрған жоқ. Жылдан-жылға жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енуде. ХХІ ғасыр ақпараттық технологияның дамыған уақыты. Енді білім алу деңгейі мүлдем жаңа деңгейге көтерілді, сапасы артты. Соның бір көрінісі мектеп оқушыларының түрлі ғылыми сайыстарға қатысып, елге пайдалы жобаларды ойлап табуы. Болашақ ғалымдар білім ұяларынан көрінуде.

Ы.Алтынсарин орта мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Габдилкаким Балауса 15 жасында миллионер атанды. Балаусаның гидропоника саласы бойынша жасаған ғылыми жобасы облыстан І орын алып, 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Гидропоника саласы – жасанды азық, химия араласқан тағамдардан құтқарудың жолы. Оны дамытудың нақты жобасын жасап, бір жыл жетілдіріп, тәжірибесін,  жүзеге асыру жоспарын көрсетіп,140 үміткердің ішінен суырылып шығып миллионер атануы жәй жұмыс емес екенін дәлелдеп отыр. Жас дарынның  төменгі сыныптан келе жатқан жетістіктері де аз емес. Бұған дейін эко-болашақ облыстық форумының, интеллекті дамыту орталығының, Қазақстанның тәуелсіздік мерекесіне орай рухани жаңғырудың үздік туындысын  көрсеткені үшін 1-ші дәрежелі дипломдарымен марапатталған болатын. 7-ші сыныпта ғылыми жобадан республика бойынша, 8-ші сыныпта да сол еңбегін әрі қарай жетілдіріп,облыстан тағы 1-ші дәрежелі дипломға қол жеткізді. Балауса ауданымызға әйгілі Абсатыров Әбілкакім ұстаздың нементайы, 23 жасынан бастап ауданымыздың мұнай базасының директоры болып халықтың әл-ауқатын көтеруде аянбай еңбек еткен, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Абсатыров Каким ағамыздың немересі.

Әр адам – өз өмірінің сәулетшісі. Оны қалай көркейтем десе де еркіңде. Бұл егер сіз бір нәрсені армандай алсаңыз, демек оны жүзеге асырасыз деген сөз. Олай болса, мектеп қабырғасынан бастап бізді ұлы мақсаттарға жетелейтін істермен шұғылданып жүрген  Балауса сияқты  жастарға дұрыс жол көрсетіп жіберсек,олардың алар асуы мен  бағындырар белестері көп болмақ. Жарайсың -Балауса!

Әлімбай Әбдірахман,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT