Тамыз басталысымен дүкен сөрелерінде мектеп формалары сатылымға шығады.
Бұл - жылдағы әдетке айналып үлгерді. Көздің жауын алатын түрлі стильдегі костюм мен белдемшелер көздің жауын алады. Ал мектепке асыққан балалар сол киімді кигенше асық. Алайда, биылғы формалардың бағасы көңіл көншітпейді. Өйткені карантинде киілмеген сабақ киімін сатып алу қалтаға қиын соғып тұр. Осыған орай, базардағы мектеп формасының бағасына шолу жасап көрдік. Онда жейде мен белдемше 5000 теңгеден, ұл балалардың костюмі 18 000-нан басталады. Бұл әрине, көп балалы отбасыға қиындық келтіреді. Алина Сүлейменова - бес балалы анасы, аудан тұрғыны. Оның мектеп жасындағы үш баласы бар. Алды 8-ші сынып оқыса, кішісі бірінші сыныпқа аяқ басты. Ал, қатарынан қалғысы келмейтін балаларын бастан-аяқ киіндіру үшін 100 мыңға жуық ақша қажет. – өткен жолғы брифингте білім министрі дәстүрлі оқу форматына көшетінін айтып, бір қуантқан еді. Соны естіген балаларымыз білім ордасындағы ұстаздары мен достарын сағынып, сабаққа баруға асық. Оған,әрине, мектеп формасынан бөлек оқу-құралдары да керек. Сөредегі киімнің бағасын естісең, жағаңды ұстайсың. 5-ші сыныптағы қызыма ақ жейде сұрап едім, ұнағаны 7000 теңге екен. Былтыр дәл осындай материалдағы киімді 2500 – 3000 теңгеге алған едік,-деп ашынды ана.
Алина Жақыпқызы базарда таңдау көп болса да, сапасы сын көтермей тұрғанын жеткізді. Келесі кейіпкеріміз Гүлдана Өміржанқызы мектеп формасын тиімді бағада алуға болатынын айтты. Бірақ, базардан немесе сауда үйінен емес. –Мен бас ауыртып, киім іздеп, өлшемі келмесе басқасын күтіп жүрмеймін. Қазір әлеуметтік желі дамыған заман. Балаларымды қасыма алып отырамын да, интернет-дүкеннен ұнатқан киіміне тапсырыс беремін. Жеткізу уақыты бір апта. Бірақ сапасы мен бағасына, әдемілігіне көңілім толады,-дейді оңай жолды іздейтін Гүлдана. Әрине, интернет алаяққа алданбаса, түрлі сайттан тапсырыс берген анақұрлым жеңілірек екені рас. Ал, мектеп формасының бағасы бұлайша асқақтауының себебін жергілікті саудагерлер шекараның жабықтығымен түсіндірді. Яғни,шетелден тасымалдауға мүмкіндік аз екен. Бұрын кеденнен өткізерде салмағына 100 теңгеден төлеген болса, қазір оның екі есе екенін айтады. Сонымен қатар, отандық тігіншілердің тіккен киімін алып сату тиімсіз көрінеді. –қазір тамақ пен қоса киімнің де бағасы қымбаттауда. Біз әкелген тауарымызға 1000-1500 теңге қосып, сатамыз. Жол шығыны қоса бар. Ал оны тұрғындардың бірі түсінсе, бірі түсінбейді,-дейді жеке кәсіпкер (атын айтпауды өтінді).
Айта кетейік, алдыңғы жолы өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке классикалық үлгідегі киіммен келуге болатынын тілге тиек еткен болатын. Яғни, мектеп формасын тағы бір жыл кимеуге рұқсат етілді. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде дүкендер белгілі бір уақытта, ал кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезектер болып, Covid-19 жұқтыру қаупі күшейеді. Оған қоса, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасы кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Пандемиядан кейін оқушылар қайтадан мектеп формасын киюге міндетті болады деп түсіндірді.
Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН