«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Есболат Құбашев, Бержан Кенжебаев, Оразғали Алғаязов, Мереке Құмаров, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сабыржан Ықыласовпен бірге Ломоносов, Абай атындағы орта мектептердің асханасында болып, балаларға берілетін ас мәзіріне мониторинг жасап, жағдаймен танысты.
Ломоносов орта мектебінің асханасынан 5-11 сыныптарда оқитын аз қамтылған отбасыларынан 3 бала, 1-4 сыныптардан 300 оқушы тамақтанады. Мектеп директорының орынбасары Берік Анесов пен әлеуметтік педагог Гүлжазира Мырзағалиева асхананы аралатып көрсетті. Мұнда қай уақытта қанша бала тамақтанғанын көрсететін «Алақан» жүйесі жұмыс жасап тұр. Комиссия мүшесі Есболат Құбашев асханада жеке кәсіпкердің аты жазулы тұруы қажеттігін қаперге берді. Ет өнімдері сертификатын қарап, зертхана нәтижесі көрсеткішімен танысқан комиссия мүшесі Мереке Құмаров мектепті тамақпен қамтитын жеке кәсіпкерді жыл сайын ауыстырып отыру қажеттігін еске салды.
Асханада тоңазытқыштар жетіспейді. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бержан Кенжебаев: – Ас мәзірін бекіткенде астындағы құжатты тексеру керек. Етпен бірге жүкқұжаты (накладной) болуына назар аударыңыздар. Сонда қанша ет келгені көрсетіледі. Онсыз балаларға ет беріліп отырғанына күмән туады.10 күн сайын сұрату қажет. Жүкқұжатсыз алмаңыздар, – деген кеңесін айтты. Абай орта мектебінің асханасынан 500-ге жуық бала тамақтанады екен. 1-4 сыныптардан – 477, ал, 5-11 сыныптардан – 30 бала. Мұнда да еттің жүкқұжаты жоқ. Қоймада сәбіз бұзылайын депті. Мониторинг жүргізген комиссия мүшелері тарапынан кәсіпкерге шығып, қоймаға желдеткіш, тамақ пісетін плитаға бу тартқыш орнату, тамақтардың пайдалану мерзімін өткізіп алмау қажеттігі ескертілді. Аталған екі мектепті қосқанда ауданымыз бойынша 4 білім ордасын ыссы тамақпен атыраулық 1 жеке кәсіпкер қамтиды. Сол сияқты төрт мектепке ортақ 1 диетолог бар. Кейбір құжаттар сонда көрінеді. Аралау барысында оны кездестірген жоқпыз. Комиссия мүшелері тарапынан екі мектепте де анықталған ұсақ-түйек кемшіліктерді жойып, алға қарай оған жол бермеу тапсырылды.
Қанат ҒҰМАРОВ