Мектеп асханалары талапқа сай ма?

(0 Votes)

Балаларды сапалы тамақтандыру өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта ата-аналардан шағымдар да түсіп жатады. Қазір каникул мезгілі болғанымен білім ұяларында болып жағдаймен танысқанның артықтығы жоқ. «Қысқы шанаңды жазда сайла», дегендей, алдағы оқу жылына дейін шешімін күткен мәселелер де бар шығар?

Өткен оқу жылында балаларды тамақтандыруды ұтып алған мердігер жұмысты өз дәрежесінде ұйымдастыра алды ма? Мектеп асханалары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған ба? Көзбен көрген көп жайтқа қанықтырады. «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев бастаған мүшелері Ақынжан Хұсайынов, Оразғали Алғаязов  Құрманғазы ауылдық округіндегі білім ұяларында болып, мектеп асханаларының жағдайымен танысты. Мақсаты – балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бағытында кездескен мәселелер мен олардың қалай шешілгенін, алдағы оқу жылына дайындықтарын анықтау.

Ломоносов орта мектебінің 80 орындық асханасында 400 бала тегін тамақтанады. Түске дейін және түстен кейін екі топ. Мұнда 1 аспаз, 1 апаздың көмекшісі және 1 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Мектеп директорының шаруашылық істер жөніндегі орынбасары Ахметжан Сағадаевтың айтуынша азық-түлікпен жеке кәсіпкер «Р.Құбашева» қамтиды. Кәсіпкермен 5 жылға келісімшарт жасалған. Жұмысына шағым жоқ. Қазір жазғы каникул кезі болғандықтан асханада ағымдағы жөндеу жасалып жатыр. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері асханадағы құрал-жабдықтармен, олардың сапасы, өрт қауіпсіздігімен танысып шықты.

Абай орта мектебі директорының міндетін атқарушы Аягөз Өтепова партиялық бақылау комиссиясы мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға тиянақты жауап қайтарды. Айтуынша мұндағы асханадан І аусымда – 217, ал, ІІ аусымда – 252  балаға тегін тамақ беріледі. Бір мезетте 70-80 бала келеді. Тамақтың сапасын  апта сайын ата-аналар комитеті қадағалап, мектеп комиссиясы мониторинг жүргізеді. Медбике, диетбике бар. 1 аспаз бен көмекшісі жұмыс жасайды. Асхананы тамақпен қамтитын мердігер «ЖК Есмағамбетов». Жылы және салқын су уақытымен беріліп отыр. «Оқу жылы басталғанда да келіп қараймыз. Себебі, кейбір ата-аналар: «Мектепте ас мәзірінде ет жоқ немесе жеткілікті мөлшерде болмайды», деп бізге хабарласады. Мердігерге ақша бөлінгеннен кейін белгіленген ас мәзірін  сақтауы тиіс. Сонымен қатар, сіздерде шешімін күткен мәселелер болса айтыңыздар, алдағы сессияда қарайық», деді партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Есболат Захарұлы.

Каникул болғанымен  М.Әуезов орта мектебінің директоры Гауһар Құбашева жұмыста жүр. Партиялық бақылау комиссиясы мүшелеріне білім беру ұясының асханасын көрсетіп шықты. Мектептегі  866 оқушының 356-сы асханадан екі аусымда  тамақтанады. 2 аспаз, 2 көмекші балаларға тамақ әзірлейді. Мердігер атыраулық  жеке кәсіпкер Роза Құбашева. Білім ұясының басшысы Гауһар Мәжитқызының айтуынша асхананың тамақ тарату үстелі (раздачный) ескірген. Ұсыныс берілгенімен, әлі шешіле қоймаған. Сол сияқты тамақ пісіретін және жылытатын плиталар да жаңалауға жатады. Үш фазылы электр плитасы қажет. Мектеп алдындағы көлік тұратын орынды кеңейтіп, жол жиегіне «Балалар» деген жол белгісін қою керек. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Есболат Құбашев айтылған мәселелерді шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521