12 мамыр – әлемде Халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді.
Бұл мереке Халықаралық мейірбикелер кеңесінің (МСМ, ICN) шешімімен 1974 жылдан бері 12 мамыр Флоренс Найтингейлдің туған күнінде белгіленді. Аталған тұлға адамдарды ауру мен ажалдан құтқаруды басты мақсаты етіп қойып, бұдан 201 жыл бұрын алғаш рет мейірбикелер қызметін ұйымдастырған болатын. Бүгінгі медицина саласында мейірбикелердің атқаратын рөлі ерекше.
Емдеу-профилактикалық мекемелерінің медициналық кадрларының құрылымында орта медициналық персонал медицина қызметкерлерінің ең көп топтарының бірі болып табылады. Олар емдеуші дәрігердің оң қолы болып қала береді. Себебі, дәрігер тағайындаған еммен қатар олардың тарапынан көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек денсаулық сақтаудың маңызды буыны саналады.
Өйткені, көмектің бұл түрі науқастарды емдеудің негізгі, қолжетімді, экономикалық және әлеуметтік қолайлы түрі болып табылады. Қай елде де алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі. Мейірбикелер осы жағынан алғанда пациенттердің оның сапасына қанағаттануын арттыруға мүмкіндік береді. Көп жағдайда пациентпен байланыста болған алғашқы, соңғы және ең тұрақты медицина қызметкері болып табылатын мейірбикелер екенін (стационар жағдайында науқастың денсаулығы нашарлаған жағдайда, алғашқы медициналық көмекте, пациенттер мен олардың туыстарына психологиялық қолдау көрсетуде) атап өткеніміз жөн. Танымал адамдар мен ғұламалар мейірбикелер туралы керемет сөздер айтқан ғой. «Егер мейірбике «Бұл менің жұмысым емес», деп науқасқа көмектесуден бас тартса, демек, мейірбике болу оның кәсібі емес» «Егер сіз бір өмірді сақтасаңыз – батырсыз, ал, 100 өмірді сақтап қалсаңыз – медбикесіз» (Флоренс Найтингейл), «Медбикелер – бұл аурухананың қонақжайлылығы» (Кэрри Латет), «Жақсы медбикенің үнемі назар аударуы хирургтың ең жақсы отасы сияқты әсер етеді» (Равси Уильямс), дейді олар.
Құрманғазы аудандық ауруханасының оташы бөлімшесінде де өз қызметіне адалдық танытып, халықтың көңілінен шығып жүрген мейірбикелер жеткілікті. Ота жасау оңай емес. Адам өмірі қыл үстінде тұрған сәттерде сабырлылық танытып, оташы дәрігердің қасында сағаттап тұру, оған көмектесу де оңай шаруа емес. Науқасқа ота жасалғаннан кейін де ол мейірбикенің бақылауында болады.
Тағайындалған емді уақытымен алуды, денсаулығын, жәй-күйін бақылауда ұстайды. Палатада жиі болып, қажет кезінде көмек көрсетеді. Отыз жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бөлімшеміздің ақ желеңді абзал жандары – оташы бөлімшесінің ардагер мейірбикесі Гүлмайра Жолдығұлова, ота блогының жара таңу бөлмесінің мейірбикесі, ардагеріміз Майра Құрманәлиева, аға мейірбике Назира Алексеева,мейірбикелеріміз Тамара Убишева, Гүлхан Шакирова, мейіргер Ербол Зинуллаев, қан құю бөлмесінің мейірбикесі Айнұр Рамазанова, мейіргері Мейрамбек Исаев, ота блогының жараны таңу бөлмесінің мейірбикесі Нұргүл Боранғалиеваны мерейлі мерекемен құттықтаймын! Сіздердің әрқайсысыңыздың біз үшін орындарыңыз бөлек. Ауруы жанына батып, ота жасалып шыққан талай науқастар аяғынан тік тұрып, қатарға қосылап кетсе ол сіздердің уақытпен санаспай күні-түні жасаған жұмыстарыңыздың оң нәтижесі деп білемін. Алдағы күндерде де еңбектеріңіздің жемісін көріп, халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіздер! Ұзақ өмір, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, адам өміріне араша болған қиын да абыройлы қызметтеріңізді жемісті еңбек тілеймін!
Бекболат Әмірханов, бөлімше меңгерушісі, жоғары санатты оташы дәрігер.