Медресе шәкірттеріне ауыз ашар берді

(0 Votes)

Қасиетті Рамазан айында «Biz birgemiz» қоғамдық қоры «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің медресе шәкірттеріне ауыз ашар ұйымдастырды. Ауыз ашарға аудан әкімі аппаратының басшысы Данияр Ердешев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, ауданымыздың бас имамы Еламан Бегалиев, медресе ұстаздары мен шәкірттері қатысты.

Ауданымыздың бас имамы Еламан Бегалиев Рамазан айының қасиеті, адам жаратылысы, жақсы істердің пайдасы жайлы әңгімелеп:

– Алла Тағала жасап жатқан қызметтеріңіздің сауабын екі еселеп берсін. Бұл қасиетті ай екенін баршамыз білеміз. Рамазан айында жасалған бір жақсылық жүз еселеп көбейеді. Бір жақсылық жасаса бір парыз намазын оқығандай сауап алады. Оқылған бір парыз намазға жетпіс парыз намазының сауабы жазылады. Осы Ораза айы сауапқа кенелтетін уақыт. Адамның мықтылығымен, білімімен емес, көркем мінезімен дәрежесі өседі, – деп ауыз ашар ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Данияр Ердешев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев сөйлеп, осындай қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыратын қор басшысы Тілекші Абуловаға жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын деген ізгі тілегін арнады.

Аудандық «Biz birgemiz» қоғамдық қорының басшысы Тілекші Қайратқызы: – Бүгін оразаның оныншы күнінде медресе шәкірттерін, ауданымыздың бас имамы Еламан ұстазымызды, осы уақытқа дейін бізге қолдау білдірген аудан әкімдігін, медресе шәкірттерін шақырып ауыз ашар беруді жөн көрдік. Біздің ұсынымызды қабылдап, ауыз ашарға келгендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіремін. Бұл айда бәріміз де көптеп жақсылық жасауға, ауыз ашар, зекет, пітір садақа беруге тырысып жатамыз. Алла Тағала бәрін де қабыл етсін. Рамазан айына жеткен де, жетпеген де бар. Оған аман-есен жеткізген, ризық-несебемізді арттырып қойған Алла Тағалаға сансыз мадақтаулар болсын!, – деп, «Темірәлі» мешітіне естелік сыйлығын табыстады. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT