Елбасының Жолдауында халыққа өте қажетті мәселелер көтерілді.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты құжатта «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің түйткілді жайттарына маңыз берді. Бүгінгі таңда халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мемлекет үшін маңызды мәселе. Сондықтан, Президент дені сау ұлт қалыптастыру үшін баршаны салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуға шақырды. 2020 жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі отыр. Оған қажетті қаражат бөлінгенін Мемлекет басшысы өз сөзінде атап көрсетті.
Жалпы, медициналық қызмет сапасының жоғары болуы халық көңіл күйінің жақсы болуына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл арада біріншіден, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды. Жалпы, бұл салада алда тұрған міндет көп. Президент отандастарымыздың әрбір тәжірибенің, жетістіктің игілігін көруі қажеттігін қадап айтты. Бұл бағытта Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуді тапсырды.
«Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет,» деді Президент.
Президент Жолдауы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқан еліміз заман талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыра отырып, ұлт денсаулығына қызмет істеуді міндеттеп отыр. Мемлекет басшысының жаңа құжатын құрметпен қабылдаған медицина саласының өкілдері бағдарланған міндеттерді нәтижелі жүзеге асыруға өз үлестерін қосатынына күмән келтірмеймін.
Бекболат Әмірханов,
аудандық аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі