Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Шараға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Хусанов, жоғарыда аталған акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Алмас Сәлімжан, ауданымыздағы әлеуметтік медициналық сақтандыру саласына жауапты мамандар, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова ауданымыздағы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етіп: – 7432 сақтандырылмаған азаматтардың 2395-і жұмысшылар, 309-ы азаматтық келісімшарт негізінде жұмыс жасаушылар, 231-і жеке кәсіпкерлер, 154 адам бірыңғай жиынтық төлемін,114-і дербес төлеушілер, 14 адам ешқандай санатқа енгізілмегендер, 4215 адам мүлде жарна төлемеген азаматтар. Сақтандырылмаған 7432 азаматтардың ауылдық округтер бойынша бөлінісі Мақаш-345, Еңбекші-333, Теңіз -303, Бірлік-350, Сафон-239, Кудряшов-336, Бөкейхан-236, Шортанбай-212, Көптоғай-145, Дыңғызыл-362, Қиғаш-151, Ақкөл-489, Жаңаталап-437, Нұржау-258, Орлы-296, Сүйіндік-523, Азғыр-391, Асан-208, Құрманғазы-1862 адамды құрайды. 2021-2022 жылдары аудандағы шағын және орта бизнес өкілдерімен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, МӘМС туралы ақпараттық-насихаттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы Мурзиевтің төрағалығымен аппараттық жиындар ұйымдастырылып, аудандағы мекеме басшыларына сақтандырылмаған азаматтардың ішіндегі жеке кәсіпкерлерге, өзін-өзі қамтыған және басқа санаттағыларға жарна төлеу мүмкіндігі заңды күшіне енгендігін жеткізіп, бұл жұмыстарды жүргізу жөнінде біршама шаралар қабылдау жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілді. МӘМС бойынша берешек жыл басында 465 мың теңге болса, қазір 362 мың теңгені құрап, 23 пайызға төмендеп отыр, – дей келе үгіт-насихат жұмыстары өз дәрежесінде жүріп отырғанын қаперге берді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов МӘМС-тің тиімділігін жеткізіп: – Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес тобына 15 санат бойынша жарна төлейді. Қазір елімізде 3 миллионнан астам, облысымызда 83407 адам сақтандырылмаған. Құрманғазы ауданында 18 бен 20 жас аралығында 139 адам сақтандырылмаса, оның ішінде 18 жастағысы 27 адам. Сондықтан кең ауқамды ақпараттық жұмыстарды жалғастыру керек. Кәсіпкерлер қарауындағы адамдарға 6 айда 1 рет емес, ай сайын жарна төлеп отыруы тиіс. МӘМС Мемлекет басшысының тапсырмасы. Осыны халыққа түсіндіру қажет, – деп төлемдердің қалай төленетіні жайлы түсіндіріп өтті.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асулан Абдуррахманов өз хабарламасында ауданда 71 дәрігер, 354 орта білімді медицина қызметкері, 37 автокөлік барын, оның 26-сы қолданыста екенін жеткізді. 7-сі тозса да жүріп тұр. Автокөлікке сұраныс берілген. Қазір 5 дәрігер жетіспейді және 3-і баламен отырғандықтан орындары бос. Аудан көлеміндегі медициналық мекемелер 91,6% қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова қорытындылап, барлық қатысушыларды МӘМС жүйесіне тіркелу жұмыстарын жандандыруға шақырды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қанат ҒҰМАРОВ