Медицина саласында – жекеменшік әріптестік

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиевамен кездесіп, мемлекеттік жеке меншік әріптестік байланысын жолға қою бағытын талқыға алды.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев бүгінгі таңда мемлекет жеке бизнеске қолдау көрсетіп отырғанда кәсіпкерге ел игілігі үшін еңбек ету қажеттігін алға тартты.

i

- Елімізде соңғы жылдары түрлі салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, пайдалануға берілген әлеуметтік нысан қатары арта бастады. Қос тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе іс-қимыл жасауына жол ашты. Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестицияға тартуға бағытталған жобаның мүмкіндігі мол. Ендігі кезекте, ел экономикасы саясатындағы өзекті мәселенің бірі – осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жеделдете дамыту болып отыр, - дей келе, осы міндетті түсіндіруге, салаға қатысты құрылыс нысандарын жүргізуге инвесторларды тарту үшін келген облыстың бас дәрігеріне сөз кезегін ұсынды. Мәншүк Құдайбергенқызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті денсаулық сақтау саласына енгізу тәжірибесімен бөлісіп, оның жетістіктерін, жобаларын тілге тиек етіп, жалпы алғанда, бұл арқылы тартылған инвестициялар облыста сапалы әрі тиімділігі жоғары медициналық кластерді қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді. - Облысымыз бойынша 42 нысан құрылысты, 82-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Біздің бүгінгі сапарымыздың мақсаты – аудандағы медицина саласына үлес қосам деген кәсіпкерлерге, аталмыш әріптестіктің қалай жүзеге асатынын түсіндіру. Өйткені, өңірде 3 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 11 медициналық пункт жаңа мекен жайды қажетсінеді.

i

Құрманғазы ауданында тағы бір жобаны енгізгелі отырмыз. Жақында оны облыстық мәслихат сессиясында жарияладық. Осында салынып жатқан жаңа аурухананың құрылысы аяқталғаннан кейін, термодиализдік орталық ашу жоспарымызда бар. Бүгінде оған қажетті құжаттар жасақталуда. Мұның барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай туғызудың бірден-бір тәсілі, - деді.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ербол Меңдіғалиев медициналық нысандарды сенімді жеке басқармаларға берудің барлық механизмдерін, 2015 жылы 30 қазанда қабылданған ҚР«Мемлекеттік жекеменшік әріптестік» аясындағы заңнаманы, оның жүру барысын жіті түсіндірді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы да мемлекет тарапынан ұсынылған зор қолдаудың артықшылықтарына тоқталып, кәсіпкерлерге осы мүмкіндікті жіберіп алмауды ескертті.

Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах жаңадан пайдалануға берілген емханаға медициналық құрал-жабдықтар қажет екенін, оның бұрынғы ғимараты әлі күнге баланстан шығарылмай отырғанын жеткізді. Қайрат Талапұлы да аудан орталығынан шалғайдағы ауылдардың біріне жедел жәрдем пунктін ашу, тұрғындарға қолжетімді медициналық жағдай туғызу бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT