Медиация күніне орай “ашық есік күні” өтті

(0 Votes)

Медиация ұғымы қазаққа әуелден жат емес. Ата-бабаларымыз ежелден-ақ, ел арасындағы дау-дамайды мәмілемен, өзара ымырашылдықпен шешкен.

Ол заманда медиатор міндетін ақылман ақсақалдар мен данагөй қариялар атқарып, ел ішінің тұтастығы мен бірлігін сақтаған. Билер тәжірибесінен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан медиация бүгінде заңдастырылып, дауларды сотқа дейінгі сатыда, тіпті сотқа жүгінбестен қарауды көздейді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, аудандық Жастар ресурстық орталығы, аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 5 тамыз Республикалық медиация күніне орай «Ашық есік күні» акциясы аясында қоғамдық қабылдау өткізілді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында медиаторлар аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмақай Ғұмаров, аудандық билер кеңесінің мүшесі Бекжан Мұқашев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Тукестаева, облыстық мәслихат депутаты, аудандық аналар кеңесі жанындағы «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Замзагүл Карсакова, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Ғапуұлы, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Елшат Асқар, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Бекзат Қазиханов, аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова, Құрманғазы ауылдық округінің медиаторы Майра Амирова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы «Отбасын қолдау» кабинетінің заңгер маманы Әсел Ниетқалиқызы, психолог Жазира Болатова бас қосты. Алғашқы сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова ауданымызда 19 округте 23 медиатор барын, олардың жұмысына қысқаша тоқталып, «Медиация татулықты қолдайды» тақырыбымен дайындалған слайдты таныстырып өтті.

Медиаторлардың ел ынтымағы үшін отбасы татулығы мен беріктігін сақтау, адамдар арасындағы түсініспеушілікті болдырмау, оларды татуластыру арқылы істі сотқа жеткізбеу мақсатында қоғамдық негізде жұмыс атқарып, елеулі еңбек етіп жүргенін жеткізді. Жастар тарапынан қойылған «Медиацияға қандай істер бойынша жүгінуге болады?» «Медиацияның соттан айырмашылығы неде?», «Екі тараптың бірі медиацияға келіспеген жағдайда не істеу керек?», «Отбасын сақтаудағы ерлі-зайыптылардың әрекеті қандай болуы тиіс?» және басқа да сұрақтарға қатысушы медиаторлар тыңғылықты жауап беріп, ақыл-кеңестерін аямады. «Ашық есік күні» акциясын аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Бекзат Қазиханов қорытындылап, барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.  

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT