Медиация күніне орай «ашық есік күні» өтті

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық Жастар ресурстық орталығы, аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 5 тамыз Республикалық бірыңғай медиация күніне орай «Ашық есік күні» акциясы аясында қоғамдық қабылдау өткізілді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында медиаторлар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ақтілек Хамитова, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов, облыстық мәслихаттың депутаты, аудандық аналар кеңесі жанындағы «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Зәмзагүл Карсакова, осы клубтың мүшесі, Абай атындағы орта мектептің психологы  Гүлмира Үмбетова, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Берік Әнесов, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекзат Қазиханов бас қосты.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова ауданымызда 19 округте 23 медиатор барын, олардың жұмысын қысқаша айтып өтіп, «Медиация туралы заңға» слайд арқылы қысқаша тоқталып,түсінік берді. Медиаторлардың ел бірлігі үшін тегін жұмыс жасап, отбасы татулығы мен беріктігін сақтау, адамдар арасындағы түсініспеушілікті болдырмау, оларды татуластыру арқылы істі сотқа жеткізбеу мақсатында еңбек етіп жүргенін жеткізді. Қатысып отырған жастар тарапынан қойылған «Медиацияға қандай істер бойынша жүгінуге болады?», «Бақытты отбасы болу үшін не істеу керек?», «Медиацияның соттан айырмашылығы неде?», «Екі тараптың бірі медиацияда келіспеген жағдайда не істеу қажет?», «Неше жастан бастап отау құрған дұрыс» және басқа  да сұрақтарға  қатысушылар тарапынан тыңғылықты жауаптар қайтарылды.

«Ашық есік күні» акциясын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы қорытындылап, барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Абай атындағы орта мектептің психологы  Гүлмира Үмбетоваға алғыс хат табыс етті.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521