Медиаторлармен кездесті

(0 Votes)

Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов  Құрманғазы аудандық  сотында округ әкімдерімен және медиаторлармен кездесті. Кездесуді аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, қатысушыларға туындап отырған мүмкіндікті босқа жібермей, өздерін толғантып жүрген сұрақтар, мәселелер болса ортаға салып отыруларын сұрады.

Құрманғазылық медиаторлардың жұмысына жақсы баға берген Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Абайұлы: – Сотқа арызданудың азаюы бірінші кезекте қоғамның татулығын, бірлігін білдіретін көрсеткіш деп айтуға болады. Отбасы болғаннан кейін келіспеушілік кездеспей тұрмайды. Бірақ, оны өзара шешуге де болады ғой. Бүгінде заң бұған мүмкіндік беріп отыр. Егер белгіленген мерзімде тараптар татуласуға көнбесе ғана істі қарап, судьялар шешім шығаруға әрекет жасайды. Шешім екі жақты бірдей қанағаттандырмайды, оны түсінесіздер. Қашан да бір тарап оған риза болмайды, шағымданады. Облыстық, ауданаралық сотқа барады. Түбінде екі тарап татуластыруға шақыру адамгершілік болғанына көзі жетіп, түсініседі. Алайда, сол аралықта қаншама күш-қуат кетіп, жүйкеге салмақ түседі.

Адамдардың арасындағы сыйластығы, кәсіпкерлердің іскерлік қарым-қатынастары жоғалады. Нәтижесінде, болмашы нәрсеге бола араздасқандарын, бірін-бірі сотқа сүйрегендерін кеш ұғады. Сондықтан біз адамдарды, заңды тұлғаларды, араздасушы тараптарды татуласуға шақырамыз. Облыстық  ардагерлер кеңесінің төрағасы бізбен тығыз қатынаста. Қанша даулардың билермен шешілгендігі, медиациямен аяқталғандығы жөнінде әрбір аудан бойынша мәліметтерді алып отырамын. Әрине, бұл жұмыстарды жалғастыруда аудан, округ әкімдерінің қолдауы қажет. Кейбір жерлерде медиаторлар: «Сен кімсің? Қандай өкілеттігің бар?» дегенді естиміз» деп жатады. Қазір біз бұл кісілердің жасаған жұмыстары көзге көрінетіндей, құжатқа түсетіндей болуы үшін сертификаттар, куәліктер беруді ойластырудамыз, – деп қандай сұрақтар, мәселелері барын сұрады.

Аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаров ауданда ахуал тұрақты екеніне, қоғамдық ұйымдардың жұмысына тоқталып, орталарына келіп жатқаны үшін ақсақалдар атынан алғысын айтты. Кездесуді аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы қорытындылап, ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521