Орлы ауылдық округіндегі Н.Манаев атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» аудандық байқауы өтті.
Мақсаты - ақынның туындыларын мектеп оқушылары арасында насихаттау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, жас дарындарды анықтау, ақындардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, рухани қолдау көрсету, бағдарланған дүниетанымдары мен өмірге көзқарасын қалыптастыру.
Аталған байқау «Азырақ болып ортаңда, көңілде тұрсам көбірек» (шығармаларын жатқа оқу), «Қазағым, әлі турасың біздей, Қаһармандарды қайталап» (берілген уақытта ақынға арнап өлең шығарып, оны мәнерлеп оқу), «Жүректерге жетсем-ау шуақпенен» (ақын шығармашылығына мысалдармен, мәліметтермен талдау жасау) және М.Сатыбалдиевтің прозасынан иллюстрациялық сурет салу сияқты бөлімдерден тұрды.



Байқау қорытындысымен осы төрт бөлім бойынша Ж.Нәжімеденов,Панфилов, Қадыр Мырза Али, Имашев орта мектебінің оқушылары Айсезім Набидолла (жетекшісі Надежда Кулбаева), Назерке Хамзина (жетекшісі Гүлжан Абулхайрова), Жұлдызай Сабитова (жетекшісі Эльмира Абулхатимова), Арсен Сәрсеков (жетекшісі Ұлан Иманғали) жүлделі орындар алды. Олардың кейбірі енді облыстық байқауда бақ сынайды.

Әділқазылар алқасының төрайымы Айжамал Арыстанова мен мүшелері байқауға қатысты өз пікірлерін айтып, жеңімпаздарға дипломдар табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ

