Ақкөл ауылдық округінде балалар мен ересектердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған әмбебап спорт және балалар ойын алаңы ашылды.
Айта кетейік бұл нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда жасыл жабындысы бар шағын футбол алаңы, ортасында балалар ойнайтын сырғанақ, әткеншек, бір шетінде қол, аяқ бұлшық еттерін шынықтыратын құрылғылар, тренажерлер және т.б. орналасқан. Салауатты өмір салтын ұстанып,спортпен айналысамын деген адамға барлық мүмкіндік туғызылған. Бұл әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, құрылысын жүргізіп, қажетті құралдармен жабдықтап беруге қолдау көрсеткен «Самұрық Қазына Труст» корпоративтік қоры.
Жаңа алаңның ашылуына арналған салтанатты шарада округ әкімі Бисембай Рамазанов, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, Ганюшкин стансасының бастығы, аудандық мәслихаттың депутаты Теңел Исмағұлов құттықтау сөз сөйледі. Нысанның алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев пен теміржол саласының ардагері, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Абубакар Юсупов қиды. Шағын футбол алаңының ашылуына орай ұйымдастырылған аула командалары арасындағы турнирді Ақкөл орта мектебі денешынықтыру пәнінің мұғалімі Есболай Сәрсембиев ашып, ауыл тұрғындары үшін осындай игі іс жасаған копоративтік қор басшыларына ризашылығын білдіріп, жарысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ