Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. 102 заң қабылданғанын, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қатыстылары бар екенін жеткізді. Құмар ойынына балаларды тарту да жауапкершіліксіз қалмайды.
Өмір бір орында тұрмайды, жыл сайын өзгереді. Бізде бүгінгі қалыптасқан жағдайға бейімделіп, өркениет көшінен қалмауға тиіспіз. Ол үшін заманға сай әрекет еткеніміз жөн. Соның бірі ауыл шаруашылығына да қатысты. «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», дейді Президентіміз өз Жолдауында.
Субсидия мәселесі аудан көлемінде де көп көтеріліп жүр. «Бір қарын майды бір қарын құмалақ шірітеді», дегендей, осындай алаяқтардың кесірі адал еңбек етіп жүрген шаруагерлерге тиеді. Өткен аптада облыс басшысы ауданымызға келгенде субсидия мәселесі тағы да қозғалды. Аймақ басшысынан жалған ақпарат салдарынан ұзын сабақты мал азығын дайындауға берілетін субсидияны министрлік тыйып тастағанын естідік. Енді өсірген шөбі, дайындаған пішені болған жағдайда ғана беріледі екен. Жолдауда Мемлекет басшысы шаруаларды қолдаудың 100-ден астам түрі барын, одан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін екенін атап өтті. Бәрін бір ізге түсірсе, оның пайдасы зор болары анық. Саны көп, сапасы жоқ нәрсе опа бермейді. Жалпы Жолдауда көтерілген мәселелердің бәрі де бүгінгі өміріміз үшін өте маңызды. Сондықтан оны іске асыруға көп болу қолдау көрсетуге шақырамын.
Серік Алғаязов, "Алғаяз" шаруа қожалығының басшысы