Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында 2024 жылдың қиындықтарымен қатар жемісті жыл болғаны атап өтілді.
Президентіміз әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілгеніне, 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделгеніне тоқталды. 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін үлкен ризашылықпен қаперге берді. Былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастағанын, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейгенін айтты. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынып, шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылған. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Осының бәрі өткен жылдың көңіл толтырар жетістігі. Алда қандай жұмыстар күтіп тұр? Бұл да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы ол жөнінде де нақты мәліметтер келтірді. Соның бірі – Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралады. Оған дейін су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілген. Аталған жоспарда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу, жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналмақ. Көп айтылып жүрген уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізіліп, содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді.
Зәмзагүл Карсакова,
облыстық мәслихат депутаты