Математиканы жаңғақша шаққан жас ғалым

(1 Vote)

Ғылым – түпсіз терең тұңғиық әлем. Оның түбіндегі қазынасын теріп, елге ұсыну екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Сол жауһарларды теретін ғалымдар арқылы адамзат аспанды былай қойғанда, ғарышқа да ұшып отыр. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, одан да асып түсіп, қолымыздағы кішкене ғана құрылғы – ұялы телефонмен үйден шықпай-ақ бір-бірімізді көріп, сөйлесе аламыз.

Қандай ғылым болмасын, қоғам, мемлекет үшін пайдалы, онсыз алға басу, өркендеп даму мүмкін емес. Барлық сала да оған тәуелді. Бүгінгі біз пайдаланып жүрген игіліктердің, озық технологиялардың қайсыбірін айтсақ та, бәрі адамзаттың озық ойлы бөлігі – ғалымдардың еңбегінің жемісі. Олар болмаса, ешқайсысына  қолымыз жетпес еді.  Ендеше, бүгінгі әңгімеміздің желісін жерлес жас ғалым төңірегінде өрбітейік. Scopus базасында индекстелетін рейтингтік ғылыми журналдарда, Ғылым және білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми нәтижелерін жариялау тізіміне енетін ғылыми басылымдарда, ҚР ҒЖБ Білім және ғылым саласында ғылыми қызметтің негізгі ғылыми нәтижелері жарияланатын халықаралық конференциялар материалдарында ғылыми мақалалары жарық көріп жүрген Қаракенова Саяхат Қабілетқызы – ауданымыздың түлегі.

Саяхат Қабілетқызы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында 1986 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. Кіндік қаны тамған жері – аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте 1992 жылы «Әліппенің» бетін ашып, осы білім ұясын 2003 жылы үздік аяқтаған. Жас шағынан болашағын ғылыммен байланыстырғанды қалаған қыз 2003 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша оқып, 2008 жылы бітірді. Сол жылы аталған университетте математика мамандығы бойынша магистратураға қабылданып, 2010 жылы оны да ойдағыдай тәмамдады. 2018-2021 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде математика мамандығы бойынша доктурантураны аяқтап, диссертациялық жұмысын сәтті қорғады. 

Еңбек жолын 2008 жылы Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінде математика және информатика пәнінің оқытушысы болып бастады. 2010 жылы физика-математика факультетінің математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасына магистр оқытушы болып жұмысқа қабылданды. Ғылымға бейім, өз мамандығына жан-тәнімен ден қойған жас қыз басшылар назарынан тыс қалмады. 2015-2016 оқу жылы басталғанда-ақ Математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оған жұмысына деген адалдығы, үлкен жауапкершілігі, ізденістен танбайтын еңбекқорлығы себеп болды. Одан кейінгі, 2016-2020 жылдар аралығында Физика, математика және ақпараттық технологиялар  факультетінде оқу және тәрбие ісі бойынша деканның орынбасары, Стратегияны және аналитиканы жүзеге асыру бөлімінің, Стратегиялық бастамалар бөлімінің басшысы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика-математика факультетінің Дифференциалдық теңдеулер кафедрасында аға оқытушы қызметтерінде өзінің білікті маман екенін ісімен дәлелдеді. 2021 жылдан бері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, PhD, постдокторант, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Университетте оқу пәндерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіп келеді. Дипломдық және магистрлік жұмыстарға жетекшілік етуде.

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен «Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі» мамандығы бойынша 2013 жылы Ұлыбритания елінің Нортгемптон қаласындағы Нортгемптон университетінде 11 айлық тағылымдамадан өтті. Шетелдік профессор-оқытушылармен тәжірибе алмасу мақсатында Еуропалық Одақтық «Эразмус+» бағдарламасы аясында 2016 жылдың мамыр айында Франция елінің Пуатье қаласындағы Пуатье университетінде, 2019 жылы Украина елі Киев қаласының Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келді.

Ғылымға қосқан үлесіне тоқталайық. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарды қолдау мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалым-постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурсын ұйымдастырды. Оған қатысқан Саяхат Қабілетқызы «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер» бағыты бойынша АР12473218 «Методы решения краевых задач для интегро-дифференциального уравнения второго порядка» тақырыбындағы жобасын ұсынды. Аталған конкурс нәтижесінде Ұлттық ғылыми кеңес мәжілісі шешімімен жоба жетекшісі ретінде 19 млн. теңге қаржыландыруды жеңіп алды. 

Шетелдерге де шығып, өз тәжірибесімен бөлісті. 2019-2022 жылдары Математика және математикалық модельдеу институты өткізген Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі халықаралық сәуір математикалық, 2019 жылы Украинаның Киев қаласында аталған елдің Ұлттық ғылым академиясының Математика институты ұйымдастырған International Conference of Young Mathematician, 2023 жылы Францияның Сарбонна университетінде болған International Conference on Management ICAM-2023 конференцияларына қатысып, ғылыми-баяндамалар жасады.

Ғылым атасы – математиканы жаңғақша шаққан жерлесіміз 2017 жылы Құрманғазы ауданының әр салада жұмыс жасап жүрген белсенді жастарын жыл қорытындысымен «Жас дарын-2017» сыйлығымен марапаттау салтанатында ауданымыздың «Үздік жас көшбасшы – 2017» аталымына ие болды. Университет ректорының, Ұлттық тестілеу орталығы және ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысымен марапатталды. Жас та болса ғылымның даңғыл жолында алған асуынан шығар биігі көп жерлесіміз өзінің білімі мен біліктілігі арқылы еліміздің өркендеп дамуына өз үлесін қоса береріне сеніміміз мол. 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT