МАСЫЛ БОЛМА, АСЫЛ БОЛ!

(0 Votes)

Халқымыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек ер атандырады», деген ғой. Қазір елдің сый-құрметіне бөленіп жүрген ардагер аға-апаларымыз да кезінде жас болды.

Көбі қиын кездерде бұғанасы қатпастан жұмысқа араласып, еңбегімен еленгендер. Бастарынан талай қиындықтарды өткерді. Сонда да жасымады, сағы сынбады. Ел құрметіне бөленді. Бүгінде де жастар өзі үшін жұмыс жасаса да халық: «Пәленшенің баласын қарашы, үйінде жатып алмай еңбек етіп жүр. Сендер неге сондай болмайсыңдар?», деп өзгелерге үлгі етіп отырады. Сондықтан, жұмыстың қандай түрінен де қашпаған дұрыс. Қара жұмыс жасап жүріп, сырттай оқып көтерілгендер де өмірде аз емес.

Бүгінде тепсе темір үзетін кейбір жас жігіттер әке- шешесін асыраудың орнына аяқтары салбырап олардың мойынында жүргенін көргенде жоғарыдағы мақалдар еріксіз ойға оралады. Үйленіп, бөлек отбасы болғандардың арасында да нәзік жанды әйелінің жұмыс жасап тапқан-таянғанына қарап немесе бала ақшасын місе тұтып отырған ер азаматтар жоқ емес. Олардың жұмыс жасаудан неге қашатынын түсінбеймін. Ер азамат жұбайына, балаларына қамқор болуы, оны аялап, жақсы өмір сүрулері үшін қолынан келгенше барлық жағдайды жасауы тиіс. Себебі, қыз оны сүйіп, тағдырын сеніп тапсырды ғой. Тек махаббаттың өзі, «сүйдім, күйдім», деген сөз жанға жылы тигенімен нан болмайды. Тірек тұтқан ер азаматы жұмыссыз жатуға намыстанбаса да, оны баласымен бірге қосып асырап жүрген әйелі ертең күйкі тірліктен әбден шаршауы мүмкін. Содан келеді де отбасылық кикілжің көбейеді. «Шөлмек мың рет сынбайды, бір рет сынады», дегендей, соңы ажырасып тынуға соғады. Ер жігіт отбасы құрғаннан бастап кешегі сыбай-сылтаң, еш уайымы жоқ бойдақтық өмірдің келмеске кеткенін жақсы ұғынғаны жөн. Ол енді жалғыз емес, асыраушы, себебі, оған қарап отырған жандар бар. Ұл-қыздарының да күн санап ержетіп келе жатқанын, алға қарай бала ақшасы шаңырақтың шағын бюджетіне тығын болмайтынын түсінгені дұрыс. «Ертеңін ойламаған еркектен без», дейді бабаларымыз. «Мен баламды ешкімнен кем қылмаймын», деп ана ғана емес әке де ұмтылуы керек.

Жалын атқан жастық шағында қопарып жұмыс жасамаған еріншектер, енді қашан еңбек етіп ел қатарына қосылмақ? Жарайды, ер атанбай-ақ қойсын, миллионер де болмасын, бірақ, елден озбай, көштен қалмай өмір сүру үшін күш салулары керек емес пе? Бала ақшасы жалақы емес, ертең тыйып тастаса қайтпек? Әрі бүгінгідей қымбатшылық заманда шықпа жаным шықпамен күн көрген азаматқа лайық нәрсе емес. Масылдыққа салынып үйреніп кеткендердің жалқаулықтың шеңгеліне бір іліксе шығуы қиын. Ата-анасы асырап отырғандар да ертең олар қартайып зейнетке шықса немесе дүниеден кетсе күндері не боларын ойлағаны абзал.

Қазір еңбек етіп жағдайын түзегісі келген жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Аудандағы жұмыспен қамту орындары тегін кәсіптік оқуларға жіберуде. Мамандығына сай жұмыс табылмаса қайта даярлау курстары бар. «Керек тастың ауырлығы жоқ», дегендей, бар да оқы! Мемлекетіміз жастар жұмыссыз қалмасыншы деп жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар ұсынуда. Соны алып шаштараз, кәуап пісіретін орындар және басқаларын ашып жатырғандар жеткілікті. «Жұмыс жоқ», демей, сол гранттар мен жеңілдіктерді неге пайдаланбасқа? Іздемеген адамның жоғы ешқашан табылмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шағын және орта бизнеске осындай қамқорлықтың бірі де  болған емес. Ол кезде балық аулап сатып, малын пұл етіп өткізіп, соның ақшасымен саудаға шыққандарды ешкім қолдай қойған жоқ. Жас мемлекетіміздің оған жағдайы да тартпайтын. Бүгінгідей кәсіпкерлерді тексеруге мораторий де болмады. Соған қарамастан ешкімнің қолдауынсыз ерен еңбегімен көтеріліп кеткендер бар. Бүгінгі жағдайларына олар үкіметтен ұрлап-жырламай өз күштерімен жетті.

Жастарға айтарымыз, жұмыстың жаманы жоқ. Ең бастысы мақсат, жігер, талпыныс болсын! Сонда ғана бәріне қол жеткізесіздер!

 

Айнагүл ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT