Құмаршық - ескерткішке лайық

(0 Votes)

Қиын-қыстау, аштық-зұлмат заманда қыр қазағына қияқтың сұлыбасы мен құмаршықтың дәні өлтірмес азық болған ғой.

Сол құмаршыққа ескерткіш қойылмақ. Құмаршықтың құнарын дәлелдейтін мысал құжатталып, тасқа да басылыпты. Айталық, “Ұлы Отан соғысы кезінде Қошалақ ауылдық кеңесінде пәлембай кг. құмаршық өндірілді” дегенді тарихшының баяндамасынан тыңдағаным ойға жиі оралады. Тағы да Нарын құмының құнарлы құмаршығынан қуат алған қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова: “Қыр қазағын талай аштықтан алып қалған құмаршыққа ескерткіш қою керек” деген екен. Сөйтсек, Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің де құмаршық бір бүйірінде жүріпті. Ұлағатты іс тындыруды алдына мақсат етіп қойған Сәрсекең арнайы топпен Қошалаққа барып құмаршықтың қыр-сырына қанығып қайтты. Жанына “Хабар” телеарнасының тілшісі В.Сутягинді, оператор, фототілші және екі мүсіншіні ерткен ол түсірілім ұйымдастырды. Құмда өсіп тұрған құмаршықты мүсіншілердің көзбен көргенін жөн көріпті.

Қошалақтың байырғы тұрғыны Мәрия Қисыметқызы құмаршық қағудың әдіс-тәсілдерін дәлелдеп берді. Құмаршық топанын диірменге салып, сондай-ақ құртқашашпен күбі ыстауды да көрсетті Мәрия әжей.

Сенат депутаты С.Еңсегеновтің бастаған ісін аяқтамаған кезі болмағанын білеміз. Ендеше, бұйырған бір күні қасиетті құмаршығымыз ескерткішке айналып қалар.

Е. Жанизин,

Қошалақ ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT