Алматы қаласында Абай университеті және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Қазақта қара сөзге дес бермедім» атты І республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Оған еліміздің 10 облысынан, 12 жетекші университетінен келген 14 жас талант қатысып, бақтарын сынады. Төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода – айтыстың алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және айтыс ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың 50 жылдық мерейтойына арналды.
Сөз сайысының іріктеу кезеңінде 14 ақын өз өнерлерін ортаға салып, қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған 8 ақын екінші кезеңге жолдама алды. ІІІ орын мен 150 мың теңгенің сертификатын алған төрт жас ақынның арасында Астана қаласы К.Бәйсейітова атындағы ҚазҰӨУ-нің студенті, жерлесіміз Марсель Ерсайынов бар. Бұл әрине үлкен жетістік. Жерлесіміздің жүлделі орыннан көрінгеніне қуаныштымыз.

Айнагүл Шакупова


