Желтоқсанның 11-ші жұлдызында іргелес Ресей Федерациясының Астрахань қаласында Халықаралық «Жыл адамы. Жыл жетістігі. Жыл орны-2024» сыйлығы ұйымдастырылды. Оған аталған елдің білікті де талғампаз әділқазылары төрағалық етті.
Астрахань филармониясында өткен бұл байқауға жүздеген адам қатысып бақ сынады. Шараның ауқамды екенін жыл үздіктері 50-ге жуық аталымдар бойынша марапатталғанынан-ақ байқауға болады. Оның ішінде сән, сұлулық саласы, би, спорт студиялары, модельдік агенттіктер, білім беру, қайырымдылық және тағы басқа да жобалар бар.
Осы шараға жерлесіміз, көптоғайлық Мариям Ишанғалиева қатысып, «Жыл жасөспірімі-2024», «Жас фотомодель-2024» аталымдарын жеңіп алды. Жүздеген адамның ішінен суырылып шығу үлкен жетістік. Ресейлік ақпарат құралдары кішкентай Мариямның жетістіктерін жоғары бағалап, «топ-модель, көптеген фотосессиялар мен байқаулардың жеңімпазы» деп жазыпты. Бұл Мәскеу төрінен орын алған қазақ қызының есімі Қазақстан ғана емес, Ресейге де таныла бастағаны ғой. Іргелес ел жоғарыдағы аталымдарға лайық деп көрінген адамды мойындай бермейді.
Кішкентай жерлесіміздің жаңа жеңісіне қуаныштымыз. Мариям осы бағытынан таймаса, болашақта ауданымыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатары анық. Жеңісті жолдары жалғасын тапсын дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ