Құмар ойын құрдымға сүйрейді

(0 Votes)
https://mir-znaniy.com

Ана бір жылдары құмар ойынға құмартушылардың қатары көбейіп, аудан орталығының әр жерінен компьютерлік тотализаторлар, букмекерлік кеңселер көптеп ашылып біраз жұртты әуре-сарсаңға салғаны есіңізде болар.

Жеңіл ақшаға дәнігіп, сондай орындарды жағалағандар, шырмауына шырмалғандар қатарында өзіміздің таныстарымызды да жиі кездестіріп жүргенімізді ешкім жоққа шығара алмас. Бұл бәлекет арамыздан біржола аластатылып, қалтаны қағуға әзер тұратындар іргесін аулақ салды ма десек іштен тынып, оңтайлы сәтті күтіп жүріпті ғой сабаздарың. Жақында аудандық сотта қаралған осындай әрекетке барғандардың ісі осының дәлелі.

Судья Б.Менситованың төрағалығымен өткен сот отырысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 2, 3) тармақтарымен көзделген қылмыстық бұзушылықты жасағаны үшін айыппен сотқа берілген аудан тұрғындары Қ.Д және А.Н ісі қаралды. Сот барысында анықталғанындай, 2022 жылғы мамыр айында сотталушылар Қ.Д мен А.Налдын ала сөз байласып, Құрманғазы ауылында орналасқан «Мирғали» автотұрағының аумағындағы «Балық - Рыба» атты дүңгіршегін компьютерлік қызмет көрсету үшін жалға алуды шешіп, автотұрақтың иесі М.Габдушовпен ауызша келісумен дүнгершекті 50 000 теңгеге жалға алады. Осыдан соң, А.Н Қ.Д-ның айтуымен дүңгіршектің ішіне компьютер құрылғыларын әкеліп орнатады. Бұдан кейін, сотталушы А.Н. дербес компьютерін қолдана отырып, «MOHIOKENO» және «inBetVProducts» қосымшасымен ойыншыларға бәс тігу үшін трансляциялап, күнделікті 60 000 теңге көлемінде тапқан табысын Қ.Д-ға беріп, көрсетілген қызметтері үшін өзіне ай сайын 100 000 теңге алып отырған. 2022 жылғы 10 маусымда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде аталған дүңгіршектегі заңсыз ойын бизнесін тоқтатып, компьютерлік құрылғыларды айғақты зат ретінде алып қояды.

Алайда Қ.Д мен А.Н өздерінің жүргізіп жүрген ойын бизнесінің заңсыз екенін анық біле тұра, одан қорытынды шығармай қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырады. Тағы да компьютерлік құрылғылар, теледидар алып, аталған дүңгіршекте букмекерлік кеңсені заңсыз қайта ашады. Кассир қызметін атқару үшін 50000 теңге көлеміндегі жалақыға азаматша М.Аралбаеваны жұмысқа тартады. Әр жұмыс күні басталар алдында ұтыс болған жағдайда ойыншыларға ақша беру үшін 30000 теңге ақша кассирге табысталып, ал ол болса күнделікті түскен ақша қаражатын А.Н-ға беріп отырады.

2022 жылдың 4 тамызы күні Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында аталған «Балық-Рыба» дүңгіршегінде заңсыз ойын бизнесі әшкерленді. Департаменттің криминалистік бөлімінің басшысы - маман А.Уахитовпен оқиға орнынан алынған компьютер құрылғыларына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның 2022 жылғы 8 тамыздағы №54 қорытындысымен компьютер қондырғысындағы ойындарға 2022 жылғы 23 маусым мен 4 тамыз аралығында кіріп, осы ойындардың кассалық кітапша балансындағы ақша қаражаттың сомасы 3 312 312,81 теңгені құрағаны анықталды.

«Ойын бизнесі туралы» Заңның 6-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, ойын бизнесі саласындағы қызметтің бір түрі ретінде – букмекерлік кеңсесін ұйымдастыру жүзеге асырылады. Заңның 9-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ойын бизнесі саласындағы қызмет өтінім берушіге әрбір ойын мекемесіне он жыл мерзімге берілетін лицензия алынуы тиіс. Алайда сотталушылар Қ.Д мен А.Н ойын бизнесін жүзеге асыру үшін тиісті уәкілетті органнан рұқсат беретін лицензияны алмай, аталған қызметті заңсыз түрде жүзеге асырып, аталған заң талаптарын бұза отырып ҚК-тің 307-бабы 2-бөлігінің 2, 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасағаны белгілі болды.

Сот талқылауында прокурор мен сотталушылар арасында процестік келісім жасауға білдірген өтініш қанағаттандырылды. Олардың арасында кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісімдер жасалды. Сотталушылар сотта кінәларын мойындап, істеген әрекеттеріне өкінетіндерін, прокурормен жасалған кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім өздерінің еркілеріне сәйкес келетінін, оны қолдайтындарын көрсетті. Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері ҚК-тің 307-бабы 2-бөлігінің 2, 3-тармақтарымен сараланып, олардың заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, ірі мөлшерде пайда табумен ойын мекемесін ашып, ойын бизнесi саласындағы қызметтi лицензиясыз жүзеге асыру болып табылатын қылмысты жасағаны дәлелденді. Бұл ҚК-тің 11-бабының 3-бөлігіне сай, орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады. ҚК-тің 53-бабына сәйкес сотталушылар Қ.Д мен А.Н өкiнулерін қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн мән-жай ретінде қарастырылды. ҚК-тің 54-бабында көрсетілген қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар сотта анықталған жоқ.

Істің мән-жайын, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілігін, сотталушылардың жеке бастарын, соның ішінде құқық бұзушылықты жасағанға дейін және жасағаннан кейінгі мінез-құлықтарын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайды, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоғын, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталушылардың түзелуіне, олардың отбасыларының жағдайына әсерін ескеріп, сот процестік келісімде көрсетілген жазаның түрі мен мөлшерімен келісті. Аудандық соттың үкімімен Қ.Д мен А.Н ҚК-тің 307-бабы 2-бөлігінің 2, 3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, олардың әр қайсысына 2(екі) жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оларға жаза өтеу барысында 2(екі) жылға айқындалған міндеттерімен пробациялық бақылау белгіленді.

Сотталушылардың жаза өтеу барысындағы мінез-құлқын бақылау оған уәкілдік берілген тұрғылықты жері бойынша Құрманғазы аудандық пробация қызметі бөліміне жүктелді. Әрқайсысынан жәбірленушілерге өтемақы қорына 45945 (қырық бес мың тоғыз жүз қырық) теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды. Бұл жерде айтпағымыз, құмар ойындары отбасы, тума-туыс, дос-жаран арасындағы жарастыққа іріткі салатын жаман ғадет. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, адалдық жолынан алыстатады. Букмекерлік кеңсеге барып, бәс тіккен ойыншының мақсаты – тек ұту. Ал, ұтыстың бір ғана адамға берілетіні айқын. Жеңіліс тапқан ашу-ызға ерік беріп, шайтанның арбауына түсетіні тағы бар. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, айналшықтап сол ортадан кете алмайды. Сондықтан оны ұйымдастырушы да, жеңіл ақшаға дәніккен де құмар ойынның құрдымға сүйрейтінін жақсы білулері керек. Атам қазақтың «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген қағидалы сөзін ұмытпаған жөн.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521