Бұдан бір күн бұрын «YouTube» видеохостинг сайтында жол салуға топырақ алынып жатырған Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылдық округінің Күйген ауылының арқа жағындағы карьерден адам сүйегі табылғаны жөнінде бейнетүсірілім жарияланды.
Онда «Түріктер қазақтардың қорымының қасын қазып, сүйектер шығып жатыр», делінген. Осыған орай аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, құқық қорғау, прокуратура, қоғамдық ұйымдар, ҰҚК және БАҚ өкілдері бар топ оқиға орын алған жерге барды. Белгілі болғаны үш адамның сүйегі төбенің астынан, 10 метр тереңдіктен шыққан. Бұл жер қорымнан біраз қашықтықта орналасқан. Басында жұмыс жасап жүргендер мұны «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысымен айналасып жатырған мердігер мекеме «Сине Мидас строй» басшыларына хабарламастан телефонға түсіріп әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Компания басшылары түрік ағайындар бұл жөнінде кеш естіген. «Біз хабар тиген бойда келіп тұрмыз. Топырақты өз бетімізбен көрінген жерден емес, рұқсат етілген карьерден ғана аламыз. Бірнеше метр тереңдікте адам сүйегі кездеседі деп кім ойлаған? Сол себепті басына Құран оқытып, кері жерлеп, марқұмдардың атынан садақасын таратайық деп екі қой малын сатып алдық. Естіген бойда бұл жерде жұмысты тоқтаттық», дейді мердігер мекеменің жергілікті жердегі өкілі Ерхан Қарадаг.
Жаңаталап ауылдық округінің ақсақалдары, округтің ардагерлер кеңесінің мүшелері Әзірбай Ескендіров пен Саламат Бурхановтан сұрағанымызда олар: «Бала кезімізден осы арада өстік. Бірақ, бұл жерде қорым болғанын естіген де, көрген де емеспіз. Өте ертеректе жерленген адамдар сияқты. Тым тереңде, әрі сүйектері ірі ғой», деді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы карьер басындағы жұмысшылармен әңгімелесіп, орын алған оқиғаның мәніне қаныққан соң алға қарай мұндай жағдай кездесе қалса дереу аудан әкімдігіне, түрік компаниясы басшыларына хабар берулері керектігін ескертті. Сонымен қатар мердігер мекеме өкілі Ерхан Қарадагқа карьер жұмысын басқа жерге ауыстыруды тапсырды. Ауыл молдасы Уахит Масалов марқұмдарға арнап дұға бағыштады. Осы жерде түріктер әкелген, сойылғалы жатырған екі қойға Жаңаталап ауылдық округінің имамы Елубай Хасанов та дұға оқыды. Табылған адам сүйектері қай ғасырға жататыны, ұлты кім екені белгісіз. Біздің жерімізде кезінде Ноғай хандығы, одан кейін қалмақтар, казак-орыстар мекендеген. Кім болса да адам баласы. Құқық қорғау орындары тиісті экспертиза жүргізгеннен кейін олар ауыл іргесіндегі қорымға арулап жерленеді.
Қанат ҒҰМАРОВ