Республика күні – еліміз үшін орыны ерекше мерекелердің бірі. Осыдан 33 жыл бұрын қабылданған егемендігіміз туралы Декаларация Қазақстан Республикасының саяси сахнада жасаған маңызды қадамы болды десем қателеспеспін. Ол кезде Кеңес Одағы құрамында едік.
Он бес елді бодандықта ұстаған Одақтың керегесі шайқалып, шаңырағы ортасына түсуі жақындаған уақыт. Бірақ, «Жыланды үш кессең де кесірткедей әлі бар» дегендей, ішкі сілкіністер орын алғанымен империяның тұғырынан тая қоймаған шағы. Сондықтан, бұл теңдессіз батылдық деп қабылдаймын.
Бұрын біз сыртқы саясатты өзіміз жүргізген жоқпыз, сол себепті Қазақстанды көп елдер біле бермейтін. Себебі, әлемнің саяси картасында алқызыл түске боялған КСРО деген ел болды. Оның құрамында қандай мемлекеттер барын кім білсін? Одақ құрамындағы республикалардың бірде-бірі дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізе алмайтын. Декларация осыны жолға қойды. Территориялық тұтастығымыз қорғалатыны, өзіміздің заңдарымыз қабылданатыны, мемлекеттік бюджетіміз, рәміздеріміз болатыны болатыны айтылды. Мұның бәрі сол кездегі өлшеммен алсақ, бұрын болмаған жетістік. Мысалы, бюджет жағынан да біз Мәскеуге тәуелділікте ұсталдық. Сол себепті үлкен қалаларымыз болмаса, ауылдық жерлер дамымай жатты. Басқаны былай қойғанда мұнай өндіріп отырған облыстың бас қаласы – Гурьевтің (қазіргі Атырау) жағдайы жақсы емес. Бірер көшесінде асфальт, қалғанының бәрі қара балшық. Тозығы жеткен ескі үйлер, шұңқырға толы көше. Оны ойлап басын қатырып жатырған Мәскеу жоқ. Ауылдарда кәдімгі шаң-тозаңды қара жол. Өзіміздің мемлекеттік бюджетіміз болса осы мәселелерді шешуге жұмсалатыны анық еді. «Қашанға дейін өз қасығымыз аузымызға жетпей жүреміз, енді бәрі дұрысталады» дедік. Декларация қабылданғанға дейін Мәскеу жерімізден алынған бір шелек мұнайдан бізге бір шәй қасығын қалдырып, қалғанын өзі әкеткендей күй кешкеніміз рас.
Жалпы, егемендік туралы Декларация тәуелсіз ел атануымыздың бастамасы. Сол себепті оның ортамызға қайта оралып, ұлттық мереке ретінде аталып өтуі маңызды. Бұл Мемлекет басшысының әріден ойлайтын көрегендігінің, халықтың ой-пікірімен санасатынының көрінісі. Тәуелсіз еліміз дамып, өркендей берсін!
Балғаным Хасенова,
ардагер ұстаз, "Құрмет" орденінің иегері