Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жиналыс өтті.
Жиынға «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» төрағасы Егор Каппель, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімова, облыстық ветенариялық зертхана директоры, президиум мүшесі Айжан Дәулетиярова, «Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері, мекеме, құрылым басшылары, табиғат пайдаланушылар және шаруа қожалық иелері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев жиынды ашып жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырды.
Алғашқы сөз алған «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» төрағасы Егор Каппель өткен жылы және биылғы жарты жылдықта атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарда тұрған бірқатар маңызды іс-шараларды кеңінен тарқатып айтты. Шаруа қожалығы иелері Серік Алғаязов, Біржан Кенжебаев, Өмірболат Есенғазиев, Есболат Құбашев ауыл шаруашылығы саласында берілетін субсидия, сала қызметкерлерінің жалақы мөлшері, ардагерлердің зейнетақысы, еңбек адамдарын бағалау, т.б тақырыптар турасында келелі мәселелер көтерді.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімова ауданда салалық кәсіподақтың филиалын құру жөнінде ұсынысын ортаға салып, оның оңтайлы жақтарын тілге тиек етті.
Еркеназ Қалижан