Аудандық орталықтандырылған кітапханада мамандықтар әлеміндегі әйел-аналардың кәсіби сабақтастығын көрсету мақсатында аналар слеті ұйымдастырылды.
Жүргізуші аудандық өнерпаз Г.Жұмалиева жұптасып шыққан нәзік жандыларды лек-легімен шерулетіп, дөңгелек үстел басына жайғастырды. Олардың арасында мемлекеттік қызмет, білім, құрылыс, қаржы, мәдениет, денсаулық салаларының ардагерлерінен бастап, тракторшы, слесарь, машинист болып, темір тұлпарды да бағындырғандар бар.
Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күніне өткізілген шарада аналар кеңесінің мүшесі Ғайни Карина құттықтау сөз сөйлеп, слет жұмысына сәттілік тіледі. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан аналар, қоғамдық жұмыстардың белсенділері, еңбек ардагерлері Сәркен Нұрғожина, Жәннат Құмарғалиева, Сәулеш Бегәлиева, Сара Алпысова, Рая Елеусізова, Рауиля Дощақова, Жұмағилым Ележанова, Райхан Қамиева, Зинеп Оразғалиева, Рухан Жәутікова мәртебелі мамандықтары жөнінде ой өрбітіп, өткен күннің естелігінен сыр шертті. Олардың бүгінгі ізбасарлары да аға буын өкілдерінің ақыл-кеңестеріне әлі күнге дейін жүгінетінін айтып, кеш қонақтарына өздерінің ризашылық сезімдерін білдіріп, сый-құрметтерін көрсетті. Слет соңында аналардың атынан үндеу жарияланып, кеңес төрайымы Б.Хасенова шараны қорытындылады.
А.Шакупова