Малдың басын жұтатын май тоған

(1 Vote)

Өткен әзірде «Телеграмм» желісін қолданушы Айнагүл Бекжанованың «Жеті жақта (№7 разъезд) малдың смолаға батуы тағы басталды.

Екі жыл болды қақсағанымызға, Еңбекшінің әкіміне де, бұрынғы әкім Қайрат Нұртаевқа, қазіргі әкім Марат мырзаға да бардым. Күн ысыса мал батады деп ескерттім. Қарапайым адамдар жерді бүлдірсе соттайды, дымын қалдырмайды, ал компанияларға еш дәрмен қыла алмай келеді. Жергілікті әкімдіктер, полиция бөлімі қайда қарап отыр, мұның бір шарасын тезірек алмаса болмайды. Малымыз үнемі  осылай қырылады жазда. Оны бағамыз, бірақ әнүзі қарап жүру мүмкін емес қой, барады да түседі. Кім жауап береді, азғантай ақадал малымызды смолаға батырып отырамыз ба енді, не масқара мынау» деп жанайқайын білдірген еді.

Іле-шала Еңбекші ауылдық округінің әкімі Руслан Әмірханов та «Сіз айтып отырған жерді қоршау жұмыстарының сметалық құжаттамасы жасақталып, 1 миллион 621 теңгеге бюджеттік сұраныс берілді. Қазіргі уақытта қаржы көзі қарастырылуда.  Қажетті қаражат бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қазіргі заңнама талаптарына сай, жеке меншігіңіздегі малдарыңызды белгіленіп берілген жайылымдық жеріңіздің аумағына бағылуына, түнгі мезгілде қамалуына, сондай-ақ, теміржол және автожол қозғалысына кедергі келтірмеуіне, жосықсыз бағымсыз жүрмеуіне малдың иесі немесе бақташы жауапты екенін қаперіңізге беремін» делінген сырғытпа жауабын да берді. Бірақ, бұл жауаптың орын алып отырған жағдайдың шешімі емес екені айдан анық, ешкімді де  қанағаттандымасы белгілі.

Осы ретте желі қолданушының айқайына сүрең қосу мақсатпен айтылған малдың басын жұтқан жерге барып, көзбен көру ұйғарылды. Жол бастаушымыз Жасқайрат айтады: «Бір кездері теміржол тасымалы цистерналарын тазалайтын мекеме болды. Бақылау-өткізу пункті арқылы тек рұқсатпен кіргізілетін. Қазіргі уақытта қаңырап бос қалды, біртіндеп тоналып бітті. Май қалдықтары төгілген орынға жылда 3-4 ірі қара, жеті-сегіз қой кәміл түседі. Малын шығарамын деген бір адам да осында батып кетуге шақ қалды. Айналасында отырған шаруа қожалықтары бірдеме етіп тікенек сымдармен, басқа да қолда бармен қоршағандай болады, бірақ біреулер қыс мезгілінде қолды етіп ашып тастайды. Жауын-шашыннан кейін бетіне қақ тұрып шөлдеген малды алыстан шақырып, шырмауына түсіреді».

smolaa-batuy-2

Қаңырап бос қалған нысанның қазіргі көрінісі бір қарағанда қорқыныш ұялатады екен. Ал, кезінде шағылдың арасынан май төгуге арнайы дайындалған тоғанның(шұңқырдың) маңайындағы жағымсыз иіс адамды жақындатпайды. Жақында ғана түскен болуы керек екі үлкен сиырдың әлі бұзыла қоймаған өлексесі жатыр. Бұғалық арқан лақтырып, шығаруға біршама әрекет еткендері көрініп тұр, алайда майлы батпақтың тартпасынан босату мүмкін болмаған сыңайлы. Ажал апанының аумағы анау айтқан үлкен де емес, бір үйдің орнындай шығар. Біздің ойымызша, осы бір малдың басын жұтатын май тоғанды жан жоламайтындай етіп қоршауға округ әкімі сұратқан миллион жарымнан аса қаражатсыз-ақ болатындай. Мәселен, қожалары тастап кеткен металл құрастырмалы екі ғимараттан осы жұмыстарға жетерлік материал шығады. Із-түзсіз жоғалғандарына қарағанда оларға да мүлік-мүкәмалы аса қажет емес  сияқты ғой. Алда-жалда иесі табыла қалып шатақтап жатса, тіпті жақсы, жерді бүлдіргендері үшін өздерін жауапқа тартуға болады. 

smolaa-batuy-1

Мал баққан ағайынның жанайқайы біраз жыл болса да әкімдіктегілердің құлағына енді ғана жеткендей. Осы  «Телеграмм» желісіндегі даудан соң мәселені шешіп көруді қолға алды. Атырау облысының Полиция департаментінің бастығы Қ.Үмбетқалиевке аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің қолымен төмендегі мәтінде хат дайындалды. «Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінің аумағының 7-ші және 8-ші разъездері аралығында темір жол бойымен тасымалданатын мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайтын резервуарларды тазалайтын «STA Proffit» ЖШС мекемесі(БИН: 030640004059)  қызметін жүргізді. Аталған мекеме мұнай тасымалдайтын резервуарларды тазалау барысында, сол жерден шұңқыр тектес үлкен ор қазып мұнай қалдықтарын көп мөлшерде төккен. Қазіргі таңда «STA Proffit» ЖШС мекемесі жұмысын тоқтатып, кетіп қалды. Алайда, бүлінген жерді талапқа сәйкес тазарту жұмыстарын жасамаған. Күні бүгін жерге төгілген мұнай қалдықтары айналадағы ауаға тарап, тұрғындардың жайылымдағы төрт түлік малдары төгілген мұнайдың қалдығына түсіп, мертігіп, экологиялық және материалдық едәуір зиян келтіруде. Осы мәселені қаперіңізге бере отырып, Сізден «STA Proffit» ЖШС мекемесінің басшыларын іздестіріп, табу шараларын алуды және жауапкершілікке тартуды сұраймын.»

Осындай хат Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ә.Бекмұхаметовқа да жолданып, бір шарасын алумен қатар, мұнай төгілген орын аумағында келтірілген залал мөлшерін анықтау үшін эколог мамандарды жіберуді сұрады. Көріп отырғаныңыздай қозғалыс бар, алайда кінәлілер таптырмай, соңы сиырқұйымшақтанып кетпей ме деген ой осы бастан мазалай береді. Округ әкімі айтқан бюджеттік сұраныстың да қашан бөлінері   белгісіз. Тиімдісі айналасындағы қожалықтардың басын біріктіріп, өз күштерімен ажал апанын қымтап бітеп тастау ма дейсің. Сіз ше қалай?!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT