Мал қыстатудың мазасыз шағы

(0 Votes)

Биылғы қыс та мал баққан жұртшылыққа жайлылығын танытып тұр. Қаңтар белортасынан асқан шақта ғана ақ ұлпа қарын төпелеп төгіп қыс өзінің қауқарын, нағыз нышанын енді білдіргендей.

Айнала маң ақмамыққа малынып сәніне кіргенімен, алдындағы төрт түлігінің қамын ойлайтын шаруагерлер қауымына өзіндік қиындықтарын ала келері сөзсіз. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне хабарласқанымызда  жауапты мамандар мал қыстату науқаны бірқалыпты, жоспарланған межеде өтуде екенін айтты.

Қазіргі уақыттта  341 орында мал қыстату жүріп жатыр. Қыстап шығатын мал басының зоотехникалық нормативі бойынша 68107 тонна пішен қажеттігі есептеліп шығарылып, ашық-жарықта тасымалданып алынған. Сонымен қатар, бірқатар шаруашылықтар өз қажеттіліктеріне қарай көршілес Ресей жерінен, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан құрама жемді сатып алудың қамын жасады. Аудан орталығынан 4 жеке кәсіпкерлік арқылы сату ұйымдастырылды. Малшылардың күнделікті азық-түлік қоры, жанар-жағармайы жеткілікті мөлшерде. Жол қатынасы және ауа райының қолайсыздығы мәселесін бақылау мақсатында ауылдық округ әкімдіктерінен, шаруашылық басшыларынан толық мәлімет алынып отырылады. Жалпы биылғы жылы да мал қыстағын жоғарғы деңгейде өткізіп, төрт түлікті аман сақтап, қыстан қысылмай шығу үшін барлық жағдай жасалған.

Округтердегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының малдары 294 қыстаққа шоғырландырылды. Онда 19570 бас мүйізді ірі қара, 52337 бас қой-ешкі, 9935 жылқы, 1394 бас түйе малы бар. Асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін шаруашылықтар да бұл маңызды науқанға сақадай сай келді. «Сүйіндік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша 11899 бас қой, 122 жылқы, 160 түйе 17 орында қыстатылып жатса, «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өздеріндегі 1045 қойды 3 жерде күйін жоймай көктемге жеткізудің қамында. «Мақаш» өндірістік кооперативіне тиесілі 4313 қой 9 отарға бөлініп бағылу үстінде. «Құрманғазы» өндірістік кооперативінде 10000 бас қой, 291 бас түйе, 91 бас жылқы жылдағыша жаға қыр бойындағы 18 жерде қыстақтан өтуде. Бұл жұмыстарға 718 адам, 356 техника тартылып отыр.

Малды ауылдың осы бір мазасыз шағындағы тынымсыз тірлік алдағы төл алу науқанына септігін тигізері анық. «Кәрі құда» қыс ашуын ақпанда алмаса биыл жайлы келді. Дейтұрғанмен, арқаны кеңге салып отырған малшы жоқ, барлығы да қыс аяғы қысып берсе де шаруаларын шатқаяқтатпайтындарына сенімді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT