Мал қыстату – маңызды науқан

(0 Votes)

Мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да маңызды науқаны. Қыс – қатал сыншы десек, алдағы жауапты кезеңге барлығы сақадай-сай болып, жем-шөп қоры жеткілікті дайындалып, қора-жайлар жөндеуден өткізілгені жақсы.

Бұл ретте, шаруагерлер қауымын да сынағы көп мұндай қыста ісіне ұқыпты қарап, мал басынан шығын бермеуге жұмылдырылуы қажет. Осыған орай, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах алыстағы Азғыр өңірінде болып, үш округтің мал баққан еңбеккерлерімен жүздесіп қайтты.

Азғыр. Округте 36 орында мал қыстатылады, тұрақты жұмысқа 70 адам тартылған. Алдағы қысқа қажетті 6467 тонна пішен қыстақ басына түгелдей жеткізілді. Мұндағы шаруа қожалықтарында 1747 бас мүйізді ірі қара, 6836 бас қой-ешкі, 2098  бас жылқы, 20 түйе бар, техникалар саны - 13. Азғыр ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жаманқұлов ашып, жүргізген жиынға шаруа қожалығы иелері, жеке кәсіпкерлер қатысты. Малды өңірдің күрмеуі қиын проблемалық мәселесімен, алдағы қысқа дайындық барысымен танысуға келгенін айтқан А.Мұфтах жиналғандарға төмендегі жайттарды баяндап өтті. – Жылына екі рет алынатын мал басы санағы нақты ұйымдастырылып, нәтижесі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі ветеринария базасымен(ИЖС) сәйкес болуы қажет. Мал басы есебі әр айдың 26-сына дейін бөлімге түсіп отыруы тиіс. Бұл мал арасында болып тұратын індеттің алдын алуға бағытталған екпе егу сияқты профилактикалық шараларды жүргізуге бөлінетін вакциналардың тиесілі мөлшерде жеткізілуі үшін қажет. Ақ адал малыңды сойсаң да, сатсаң да округте тіркеуде бары туралы анықтама қажет болады. Қыр бойындағылардың үй-жайларын заңдастырғанымен, мал жайылымдарын еш рұқатсыз пайдаланып отырғандары кездеседі. Алдағы уақыта түрлі қиындықтар туындамасы үшін құжаттарын реттеп алғандары жөн. Мал азығын дайындауда жанар-жағар майға үкімет тарапынан берілетін жеңілдетілген субсидияны алуға дегенде кеш қимылдаушылық  басым. Ырғалып-жырғалып жүрудің соңы ауданға бөлінетін субсидияның азаюына кері әсерін тигізеді, - деген лауазым иесіне залдан «Берікбол» шаруа қожалығының иесі Б.Сағиев «Әлгі айтқан мемлекеттен берілетін субсидияға күні бүгінге дейін құжаттарымды жинастырып үлгере алмадым енді тапсыруыма болады ма?» деген сауалын қойды. Тиісінше А.Мұфтах шаруагерге дереу тапсырса субсидия алуға әлі де мүмкіндігі барын жеткізді.

Асан. Ауылдық округтің негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Мұнда да 36 орында мал қыстату жоспарлануда. Бұл жұмыстарды 80 адам атқаратын болады. Көктемнің жауынды-шашынды болуынан шөп жақсы шығып,  өңірдегі шабындықтардан 9839 тонна пішен дайындалды, қазіргі уақытта олардың барлығы дерлік қыстақ басына тасылып алынды. Жем-шөп дайындау науқанына 11 техника қатысты. Шаруа қожалықтарындағы мал басын сөз етсек, 3306 бас мүйізді ірі қараны, 10694 бас қой-ешкіні, 1738 бас жылқыны, 229 бас түйені құрайды. Асандықтармен өткен жиында А.Мұфтах бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті. – Қысқа дайындық барысы жақсы жүріп жатқанын көзім көрді. Азықтық жем сатып алу турасында айтсам, аудан орталығынан тасымалдау қиынға соқса іргелес Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерімен келісімге келіп оңтайлы шешуге болады. Бірнеше қожалық бірігіп көлік жалдаса да арзанға түседі. Ұры-қарыдан, қасқырдан сақтау, жоғалып кетудің алдын алу мақсатында малды ұйымдасып бағудың ретін қарастыру қажет. Тұрғындар тарапынан қасқырдың шамадан тыс көбейіп кетуі едәуір залалын тигізіп отырғаны айтылуда. Қасқыр атудың тәртібі аудандық «Серпер» газетінде жарияланды. Қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсатты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы береді. Ол бойынша бір аңшы жылына тек 3 қасқыр ата алады. Бұл тек азғырлықтардың басындағы мәселе емес, барлық мал ұстаған жанның бас қайғысы. – деген ол қасқыр аулауды оңтайлы ұйымдастыруды округ әкіміне ұсыныс етті.

Жиында сөз алған шаруа қожалығының иесі Сағидолла Алипов та осы осы бір өзекті мәселеге тоқталып, ауылда аңшылыққа рұқсаты бар адамның жоқтығын ескеріп, аудан орталығынан аңшы шақыртпаса болмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ауылда бұралқы ит пен мысықтың өріп жүргенін, ветеринар мамандар жоюға келгенде иелері байлап қояды да кеткесін қоя беретінін, осындай үй жануарларын құжаттандыруға құлықты болмайтындарға шара қолдану қажеттігін қадап айтты. Ауыл тұрғыны Саламат Мұрзағалиев лауазым иесінің біраз жылдар осы өңірде әкімдік қызмет атқарып, малды ауылдың мұң-мұқтажын бір кісідей жақсы білетінін атап өтіп, шаруагерлермен көзбе-көз сұхбаттасқаны үшін ризашылығын білдірді.

Сүйіндік. Мұнда кезінде дүркіреген асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін зауыт ізінде құрылған «Сүйіндік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасайды. Ұжымдық кәсіпорында қазіргі уақытта 11899 бас асыл тұқымды қой, 122 бас жылқы, 161 бас түйе бағылады. Қыстақты 17 орында ұйымдастыру көзделуде, қажетті 3740 тонна пішен тасымалданып алынды. Ал, жеке қожалықтарға тиесілі 3899 сиыр, 15451 қой-ешкі, 2146 жылқы, 63 түйе малдары 44 орында қыстатылады. Өңірдегі шабындықтардан шауып, тайланған 12978 тонна шөп межеленген орынға жеткізілді. Шаруагерлермен жиында да А.Мұфтах ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорынан несие алу, асыл тұқымды аналық малдарға субсидия төлеу, лизингпен техника алу, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алу жолдарын түсіндірді. Ауыл тұрғындары Думан Садиров «Сүйіндік» ЖШС пайдаланбай отырған жерді қайтарып алу мәселесін көтерсе, Рухолла Ғани жер бөлу конкурсында жеңімпаздың қалай анықталатынын сұрады.

Үш ауылдық округте өткен жиында да аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Мұфтах тұрғындардың коронавирусқа қарсы екпе алуын ұйымдастыру, жұмыспен қамту орталығы арқылы іс бастауға грант алу, жергілікті жердегі әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығын қамтамасыз ету мәселесін сөз етті. Шаруагерлер және тұрғындар тарапынан жоғарыда айтылғандардан өзге жем-шөптің қымбаттығы, мал ұрлығы және тұрмысқа қажетті күн электр батареяларының істен шығу сияқты көпті толғандырған ортақ мәселелер айтылды. Сонымен қатар, жергілікті жерлерден мал дәрігерлік зертханаларды қайтадан ашуды қарастыруды сұрады.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT