Мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілді

(0 Votes)

Мал ұрлығына байланысты қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, ол өз алдына жеке бап болып бөлек шығарылды.

Елімізде бұл қылмыс кең етек алып отыр. 2018 жылы Азғыр өңіріне іссапармен барған кезде тұрғындар мал ұрлығын ауыздықтау, жауапкершілігін күшейту, жазаны қатайту жөнінде ұсыныстар айтқан болатын. Кейін бұл мәселе бойынша тиісті Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін шақырып, республика бойынша талдау жасадық. Үкімет басшысы, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, мал ұрлығының алдын алу мақсатында қылмыстық кодексті жетілдіруді, жазаны күшейтуді сұрадым.Бұл ұсынысымызды Бас прокуратура, Үкімет басшысы қолдап, тиісті тапсырмаларын берді. Нәтижесінде қылмыстық кодекске 4 бөлімнен құралған жаңадан арнайы бап қосылды. Кейбір ірі көлемде ұрланған малға жаза адам өліміне қатысты қолданылатын жазаға теңестірілді деп айтуға әбден болады. Бұл қылмыскерлердің, әсіресе топтасқан, ұйымдасқан қылмыстың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Мұндай тәжірибе көршілес Қырғыз мемлекетінде болды.

Алайда бір ғана жазаны қатайтумен мал ұрлығын түбегейлі жоя алмаймыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, иесіз, яғни бақташысы жоқ төрт түліктер жиі ұрланады. Дәлірек айтсақ, 80 пайызы. Ал тек 20 пайызы ғана бағымдағы малдар жоғалады. Сондықтан, ауыл тұрғындары төрт түлікті бірлесіп бағудың мүмкіндігін қарастырулары қажет. Алматы облысында бұл бағытта жақсы жұмыс жолға қойылған. Облыстық мәслихаттың шешімімен кез келген ауылдың ерекшелігін ескере отырып, әр малдың басына белгілі бір мөлшерде қаржы тағайындалған. Сондай тәжірибені өздеріңізге енгізсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді, - дейді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT