Құрманғазы аудандық мәслихатының XXXXVII сессиясын, оның төрағасы Болат Абдолов жүргізді.
Аудан әкімі Қайрат Нұртаев 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша хабарлама жасап: – Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі ағымдағы жылдың 6 айында 6,0 есеге артты. Негізгі капиталға инвестиция 3 808,0 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 779,0 млн. теңге болып отыр. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға төмендеп, 2399 бірлікті құрады. Себебі, салық заңнамасын бұзып, ай сайынғы есептілікті тапсырмаған, әрекетсіз кәсіпкерлік нысандары есептен шығарылды. Өндірілген өнімнің көлемі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 705,3 млн. теңгені құрады немесе 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 103%. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2017 жылдан бері өңірде жалпы сомасы 258,2 млн. теңгеге 12 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, мемлекеттік грантқа ие болды, - дей келе, одан әрі түрлі салалар және бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Келесі кезекте аудандық мәслихаттың экономика, салық және бюджет саясаты бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Рифхат Сұлтанияевтің қосымша хабарламасы тыңдалды. Комиссия төрағасы хабарламасының соңында Байда, Сафон, Бірлік ауылдық округтерінде 100-дің үстінде шаруа қожалықтары барын, солардың көбі малға суды автокөліктен сатып алатынын жеткізіп, осыны шешу қалай жоспарланып отырғанын сұрады.
Берген жауабында аудан әкімі Қ.Нұртаев: – Бұл күрделі мәселе. Біз «Сушардың» мамандарын ертіп басына барып қалай шешуге болатынын қарадық. Кеше мен бұл мәселені облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының да алдына қойдым. Конкурстардан қаржы үнемделсе жобасын жасау жоспарымызда бар. Су тапшылығын болдырмас үшін алға қарай каналдарды тереңдету жайын ойластырып жатырмыз, - деді.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров қосымша хабарламасында ауданымызда өрлеу барын, тұрмысымыз жақсарып келе жатырғанын атап өтті. Сонымен қатар кадрлерді оқытуға, ішкі жолдардың сапасына мән беру керектігін алға тартты. Сатып алу туралы заңда көптеген кемшіліктер барын да назардан тыс қалдырмады. Аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Кенжебаев салынып жатырған жолдарда мердігерлер жылдамдықты 40 шақырымнан асырмау белгісін қойып, оны бұзғандарды жол-патрульдік полиция қызметкерлері ұстап алып, айыппұл салып отырғанын айтты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізуді депутаттар болып Парламентке жолдайық деген ұсынысын ортаға салды.
Сессия барысында ауданымызда мұнай өндірумен айналысып жатқан «Төбеаралойл», «Әскер мұнай», «Светландойл» ЖШС-ның әлеуметтік міндеттемелерінің орындалысы туралы және мәслихат депутаты Мансур Қуаншәлиевтің қосымша хабарламасы тыңдалды. Соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісов қатысушыларға ризашылығын білдірді. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев: – Облыстық басқармада басшы болып жүргенде талай мәрте есеп бергеніммен, аудан әкімі ретінде бұл алғаш рет. Қол жеткен жетістіктердің бәрінде сіздердің үлестеріңіз бар. Әрдайым қолдау білдіресіздер. Қос қабатты үйдің астын жасап беруге ұсыныс жасағанымызда «Төбеаралойл» ЖШС бірден орындады. Алға қарай да бірлесе жұмысымыз жалғасын таба берсін, -деді.
Қанат ҒҰМАРОВ