Мерейдің тасуы - еңбегіңнің еленуі емес пе?! Әсіресе, ұстаздық жолдағы аяулы мамандар бұл сөздің мәнін терең ұғары сөзсіз. Саналы ғұмырын ел болашағына айналар жас буынның тәлімі мен тәрбиесіне арнаған мұғалімдердің абыройы шәкірті арқылы өсетініне тағы да куә болдық.
Ұстазының мәртебесін асқақтатып, сонау Елорданың төрінен жүлде әкелген Нұрланұлы Әліптей шәкіртіміздің бары баршамызды марқайтып тастады. Бала жасынан білім мен өнерге құштар болған Әліптің бұл жеңіске жетеріне ешкім күмән келтірмеп еді. «Ауыл мектебі» олимпиадасының республикалық кезеңіне құқық пәні бойынша жолдама алған шәкіртіміз тартысты додада облысымызды үшінші орынға жайғастырды. Өзінің білім деңгейін республика бойынша дәлелдеген Әліп бүгінде мектебіміздің ғана емес, облысымыздың мақтанышына айналған. Құқық пәні бойынша тәлім берген ұстазы Тілекші Өмірзаққызының үміті мен сенімін ақтап, республикалық кезеңінде 3-орынды иеленді. Айбарлы Астанамыздың төрінде оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың марапатын алғаны ұстаздарының төбесін көкке жеткізді. Олимпиадаға дайындап, оқушысының бабын келістірген мұғалімнің ғана осындай жетістік күте алатыныны анық. Тілекші Өмірзаққызындай кең жүректі ұстазының мәртебесін асырып, мектебіміздің атын шығарған Әліпке дән ризамыз. Сонымен қатар күні кешегіде өткен ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңінен жоғарғы ұпайды қанжығалап, білім берген ұстаздарын тағы қуантты. Әліптің өзіндік қиындығы жетерлік құқық пәнін жетік меңгеріп, қатпарлы сырына әбден қанғаны байқалады. Ол ұстазының тәлімін өзіндік ізденістермен дамытып, болашағына нық қадам басып келе жатыр. Қатарының алды болған Әліп бойына жиған білімімен бірге тәрбиесінің тереңдігімен де ерекшеленеді. Ұлттық құндылығымыз бен адамгершілік қасиеттерді отбасылық тәрбиеде бала бойына дарыта білген ата-анасына ризамыз. Бос уақытын кітап оқуға арнайтынын көріп, көз қуанады. Оқыған кітабы мен кейіпкерлеріне талдау жасайтыны да өмірден мән іздеген жастың кейпін көрсетеді. Болашағының кілті өз қолында екенін қазірден бастап түсінген Әліптей шәкіртіміздің көп болғанын қалаймын. Оның алдағы тестілеу сынағынан тағы да жоғары ұпай жинайтынына еш шүбәм жоқ. Әліпті алда жарқын болашақ күтіп тұрғаны да айқын! Білім теңізінен қанып ішкен шәкіртіміздің талай асуларды бағындыратынына сенімдімін!
Қамзаева Гүлсара Мәдениетқызы,
Н.С.Манаев мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі