Мақаштықтарды не мазалайды?

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолданысқа енгізілген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» тұжырымдамасына орай жергілікті әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру жиынын өткізу жақсы үрдіске айналды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған мұндай шара Мақаш ауылдық округіндегі басқосумен бастау алды. Жиынға өз қағидасына сай аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева төрағалық етіп отырды.

Алдымен Мақаш ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қадыров есепті баяндамасын жасады. – «Өңірді дамыту» бағдарламасына сәйкес, Алға  ауылындағы балалар ойын алаңына жаңадан ойын инвентарларын сатып алуға жарияланған мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы - «ҚазОйыналаң» ЖШС мекемесі 2737,0 мың теңгеге  «Корабль» ойын кешенін орнатуды таяу күндерде аяқтайтын болады. «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарақұл елді мекеніне 12 дана түнгі көше жарықтарын орнатты. Осындай қосымша түнгі жарық ауылдың Ж.Мәмбеталиев, Мақаш әкім, Н.Акбетов көшелеріне де жоспарланып отыр. «Құрманғазы жылу» жеке кәсіпкерлігімен 268,0 мың теңгеге округ аумағындағы қоқыс төгетін орынды күреу, тазалау, машина кіруге қолайлы ету жұмыстары жүргізілді. «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС мекемесі кесте бойынша ауылдың және елді мекендердің автокөлік жүретін жолдарын күреп, тазалап отырады. Сонымен бірге, округке  Афанасьев бекеті тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін фельдшерлік амбулаториялық пункті салыну үстінде, - деген ауыл басшысы кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселелер ретінде ауылішілік асфальт жолға бюджеттен қаржы көзін бөлуді, «Дружба» каналынан Көкарнаға дейінгі аралыққа түп тереңдету жүргізуді атады. Аудан әкімі Абат Жанғалиев те атқарылған жұмыстардан есеп берді.

Тұғындарға сөз кезегі берілгенде округтен сайланған депутат Есболат Құбашев Тоғыт өзегінің қазіргі күйіне алаңдаушылығын білдірсе, белсенді азаматтар Өмірболат Есенғазиев ауылішілік жолдарды бастауды, түп тереңдетуді тезірек қолға алу, Мереке Құмаров  мектеп оқушыларының тасымалы үшін автобус алу, ауылға типтік үлгідегі медициналық пункт тұрғызу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, ауыл адамдары ауыз судың тұрақты берілуін жақсартуды, Афанасьев бекетіне кіретін жолдың оңтайлы шешілуін айтып, мүгедектерге қаралған біржолғы төлемнің кейбіреулерге берілмей қалғанын қаперге берді.  

Қойылған сұрақтарға орай аудан әкімі Абат Жанғалиев жауап берді: - Сурхан және Көкарна өзектерінің суын молайту үшін аудандағы түп терңдету жұмыстарының үшінші кезеңіне енгізуге ұсыныс етілді.  Тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы онымен тікелей айналысады. Балалар тасымалы үшін аудан мектептеріне алынған автобустар пайдалануға берілген жылдарына қарай кезекпен ауыстырылады. Жалпы ауданда сонда он үш автобус жаңартуды қажет етеді. Облысқа сұраныс берілді. Алға ауылының ауылішілік жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сапаратамадан оң қорытындысы алынды. Қаражаты бөлінген бойда жұмысы басталатын болады, - дей келе мүмкіндігі шектеулі жандардың біржолғы төлемақысымен қараша айынан қалдырмай есептесуді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне міндеттеді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT