Майдангер есімі көшеге берілді

(0 Votes)

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Бөкейхан ауылдық округінде Құрманғазы аудандық архив филиалы соғыс және еңбек ардагері Қайыржан Ертаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған үлкен шара ұйымдастырды.

Ауылдық клубта өткен шарада Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев сөйлеп ауыл тұрғындарының қолдауымен және Атырау облыстық ономастикалық комиссиясының қорытындысымен 2024 жылы ел ағасы Қайыржан Ертаевтың атына ауылдан бір көше беруге шешім қабылданғанын, бұл бөкейхандықтар үшін үлкен қуаныш, мақтаныш екенін жеткізді. Маңызды іс-шараның өтуіне себепші болған Құрманғазы аудандық архив филиалы ұжымына алғысын білдірді. Майдангердің тектік құжаттарынан «Жеңіс туы желбіресін мәңгілік» атты көрмені Құрманғазы аудандық архиві филиалының басшысы Гүлжеміс Қалиева таныстырды. Көрмеге соғыста екі рет жараланса да шайқас даласынан кетпей, жеңісті Прагада қарсылаған майдангердің әскери билеті, фотосуреттері, «Ғасырлық ғұмыр – мәңгілік тағзым» атты фотоальбом, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдары және басқа да марапаттары, ардагердің есімі енген «Мәңгілік мінәжат», «Мәңгілік тағзым», «Нұрлы асу» атты кітаптар, өзге де жәдігерлер қойылды. Олар LED экран арқылы да көрсетілді.

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, ақын Таңатар Дәрелұлы: – Бүгінгі Қайыржан ағамызды ұлықтауға арналған шараны өз деңгейінде өтіп отыр деп есептеймін. Осындай асыл әкелеріміздің ғасыр жасы ортамызда өздері болмаса да ауданымызда ұлықталып жатыр. Жаңа Гүлжеміс өте жақсы таныстырып шықты. Гүлжеміс өмірбаян емес повесть сияқты жақсы жазған екенсің. Сен арқылы Қайыржан көкеміз қазақтың тарихына мәңгілікке енеді. Жұмысыңа шығармашылық табыс тілеймін, осылай халықтың алғысын ала бер! Әрине, қолдап жатқан ұрпақтарына да үлкен рахмет! Майдангерлердің бәрі де бір-бір көшеге аты берілетін адамдар. «Соғысқа қатысқан әрбір солдаттың бәрі батыр», деген сөз бар. Көретін жарығы болған Қайыржан ағамыздың жеті ұрпақ әкелгенін жаңа айтты. Ұрпақтарының бәрі де керемет, ауданның қалаулы адамдары. Кеңес Одағы кезінде марапатты кез келгенге бермейді, біздің заманымыздай алу жолы да жеңіл емес. Ағамыз алған «Қазақстанның Құрметті колхозшысы» атағына қол жеткізгендер сирек,–дей келе майдангер аты берілген көшенің тұрғындарының ұрпағы Қайыржан ағамыздай елдің мақтаны болсын деген ізгі тілегін арнады.

Аудандық ардегерлер кеңесі төрағасының орынбасары Руслан Сәуменов майдангердің ұрпағы Еламан Ертаевқа облыстық ардагерлер кеңесінің «Ар мен даңқ» медалін табыстады. Сөз кезегін Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ауыл тұрғыны Якуб Исмағұлов, көптоғайлық еңбек ардагері Қайыржан Өтепов, майдангердің қарындасы Марфуға, ұлы Еламан жалғастырып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ұрпақтары атынан Зәуре Қайыржанқызы бір топ адамға Алғыс хаттар табыс етті. Құрманғазы аудандық архиві филиалының басшысы Гүлжеміс Қалиева шараны қорытындылап, өз тарапынан марапаттаулар жасады.

Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, Қайыржан Ертаев атындағы көшеде ескерткіш тақта ашылды.  

Одан бір күн бұрын ұрпақтары арқан тартысудан, қазақша күрестен, кіші аяқ добынан жарыс өткізген болатын. Оның жеңімпаздары арнайы жүлделермен марапатталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT