Майдангер қазақ қызы

(1 Vote)

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды», демекші бүгінде Ұлы Отан соғысының мәңгілік тарих қойнауына енгеніне, оның аяқталғанына 75 жыл толмақ.

Ел шетіне жау тиіп, бейбіт өмірдің шырқы бұзылғанда қазақстандықтар да қолына қару алып, майданның алғы шебінен табылды. Олардың қатарында тек ерлер емес, нәзік жандылар да болды. Оқ пен оттың арасында қазақ қыздары түрлі әскери құрамаларда мерген, ұшқыш, радист, танкист, барлаушы, медбике болып, ерліктерімен Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосты. Қазақ өзінің Маншүгімен, Әлиясымен, Хиуазымен мақтана алады. Одан басқа да талай қазақ қыздары сұрапыл соғыста жорық жолдарын абыроймен жүріп өтті. Өмірдің қызығын енді көрер сәтінде жастығын ала жығылып, Жеңісті жақындату үшін ұрыс даласында мәңгі қалғаны қаншама?! Біз бірін білсек, екіншісін білмейміз. Бастарын қатерге тігіп бүгінгі тыныш заманымыз үшін күрескен олардың ерлігін, жиһангерлік соғыстан аман қайтқан апа-әжелеріміздің қоғамдық өмірдің әр саласында белсене қызмет атқарып жастарды отансүйгіштікке, әділеттілікке, қоршаған ортаның қорғаушысы болуға тәрбиелегенін кейінгі ұрпаққа жеткізу парызымыз. Майдангерлер қай салада да үлгі бола білді.

Солардың бірі майданның от-жалынынан өткен жерлесіміз Қазима Нұртазина. Ол 1922 жылы Теңіз ауданы, Нұржау ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1940 жылы Гурьев (Атырау) қаласынан қысқа мерзімді оқытушылар даярлау курсын бітірді. Мамандығы бойынша 1940-1942 жылдары Нұржау орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1942 жылы майданға алынып, 1945 жылдың қараша айына дейін 3 авиажөндеу пойызының Чернышевка, одан Қиыр Шығыс бағытындағы әскер жұмыстарында болған. Әскери пойызды құртуды мақсат тұтқан жаудың талай мәрте төбеден тастаған бомбасы мен жаудырған оғының астында жүріп, 1944-1945 жылдары Польшадағы шайқастарға, кейін Жапониямен соғысқа қатысқан. Көз алдында өрімдей жас қыздардың қалай қаза тапқанын көрді. Қару ұстап, шайқасқа да қатысты. Өлім мен өмір беттескен сәттерді басынан өткеріп, елге 1946 жылы оралды.

Туған жеріне келгеннен кейін, 1946 жылдан 1978 жылға дейін Н.Крупская орта мектебінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты. Алдынан білім алған талай шәкірттері өмірден өз орындарын адаспай тауып, мектеп мақтанышына айналды. Қазима апамыз майдангер Әшім Боқановпен отбасын құрып, 4 қыз,1 ұл тәрбиелеп өсіріп, 2005 жылы дүниеден өтті. Қыздары Роза, Лора, Сара, Гуля, ұлы Ерболат, қазіргі кезде бәрі де Атырау қаласында тұрады. «Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар», дегендей Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығында ата-әжелеріміздің рухына тағзым етіп, ерен ерліктерін жадымызда сақтаймыз. Қанша жылдар өтсе де сол соғыста ерлікпен қаза тапқан әрбір батырымызға тарих төрінен орын беріп, ұрпақтары ретінде мәңгілік алауын өшірмей, құрмет тұта береміз.

Гүлжан Хасанова,

Байда ауылдық әйел-аналар кеңесінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT