Майдангер атаммен мақтанамын

(0 Votes)

Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Жеңісті жақындату жолында қанқұйлы майданның бел ортасында болып ерлік көрсеткен атам Марданов Уахит Ақбергентегі жөнінде айтуды жөн көрдім.

Ол 1916 жылы 20 тамызда Нұржау ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қанқұйлы неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған алғашқы күндерде өз еркімен әскер қатарына баруға ниет білдіріп, 1941 жылдың қыркүйек айында майданға аттанады. Қысқа мерзімдік әзірліктен кейін ұрысқа кіріп, 1942 жылдың тамызында Воронеж қаласын қорғауда ауыр жарақат алып, Чарджоудағы госпитальде 6 айға жуық емделеді. Бірден алғы шепке баруға жарамай 8 ай Карчов әскери саяси училищесін оқып бітіріп шығады. 1943 жылдың тамыз айында взвод командирінің көмекшісі, саяси қызметкер ретінде қайтадан майданның қақ ортасынан шығады. Кескілескен ұрыстардың бірінде тағы да жараланып, далалық госпитальге түседі. Осылай от пен оққа кеудесін тіреген ержүрек жауынгер атамыз соғыстың талай қиындығын көріп жеңісті жақындата түскендердің қатарында болды. Ерлігі еленіп жауынгерлік орден, медальдармен марапатталды. Cолардың бірі – І дәрежелі Отан соғысы ордені.

1945 жылы елге оралған соң ұстаздық қызметке араласады. Телячийдегі Жамбыл атындағы 7 жылдық мектептің оқу ісі меңгерушісі, кейіннен директоры болады. 1951-1953 жылдары осындағы жетім балалар үйінің директоры қызметін атқарады. 1965 жылы Богатый селосындағы Амангелді колхозының партия ұйымының хатшысы саяси жұмысына да белсене араласады. Бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланады. Кейіннен төл мамандығы мұғалімдікке қайтадан ауысып, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Богатый орталау мектебінде жемісті еңбек етеді. Зайыбы Фаруза екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 1994 жылы наурыз айында соғыс салған жарақаты сыр беріп дүние салды. Біз – кейінгі буын осындай жаужүрек батыр аталарымыздың ұрпағы екенімізді әрдайым мақтан тұтып, үнемі айтып жүруге міндеттіміз.

Немересі Бақтияр Уахитов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT