Майдангер ағамыз Шайхимов Ғилаж

(0 Votes)

Кешегі ресми тіркелуі алты жылға созылып, бірақ моральдық зардабы мен жүрекке салған зардабы ғасырға жетер Екінші дүние жүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына кележек 80 жыл толады.

Фашист басқыншылармен болған ұрыста елу миллионға жуық адамдардың өмірі қиылды. Майдан даласында ойқастап, жасындай жарқылдамаған жас жоқ. Ұлдарымыз өз алдына, М.Маметова, Ә.Молдағалиева, Х.Доспанова сынды өрім ондаған қыздарымызда ерлік үлгісін көрсетіп, жауға қарсы жүректерін бомба ретінде жарды, көгінен көк тұйғын болып сорғалады, ажал оғын септі. Сол үшін олар әлі күнге мыңдаған жастың жүрегінде, санасында ел қорғаудың озық үлгісі болып есептеледі. Сондай жасындай жарқылдап фашист басқыншылармен болған ұрыста ерлік көрсеткен   жастарымыздың бірі болған аулдасымыз Шайхымов Ғилаж ағамыз биыл 5 май 2024 жылы 100 жасқа толды.

1924 жылдың 5 мамырында қазіргі Құрманғазы ауданының Дыңғызыл ауылдық кеңесінде дүниеге келген Ғилаж Шайқымұлы аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң козхоз құрылысына араласады. Ұлы отан соғысының басталуына сай, оның оқуын одан әрі жалғауға мөмкіндік болмады. Мал бағып, пішен шауып,  құдық қазумен күн өткізіп жүргенде 1942 жылдың 20 ақпанында әскер қатарына шақырылады. Алғашында Гурьевтегі жаяу әскер училещесінде оқыса, артынан Ақтөбе облысының Темір мекеніндегі кіші командирлерді дайындайтын қысқа курсты тәмамдайды.

Майдандағы жорық жолы 1942 жылдың маусымында, сол кездегі неміс соғыс командованиесінің бар әскери күшін шоғырландырылған Сталинград майданында атқыштар ротасының шебінде бастайды. Қаланы қорғау, алғашқы соққы, жаудан азат ету және немістерді өкшелеп кері ығыстырудың өзі бір жылдай уақыт алды. Бұл кезде Ғилаж ағамыз Екінші Украина майданында 111 Александров атындағы гвардиялық дивизиясы құрамындағы 399 атқыштар полкі жаяу әскердің автоматшылар ротасында, кейін инженерлік полкте мина іздеуші сапер, саперлер взводы бөлімшесінің командирі қызметтерін атқарды. Талай рет жаудың ең шешуші нүктелердегі миналар жасырған орындарын залалсыздандырып, қаруластарының қандайма бір ұрыстарды еркін және батыл бастап кетуіне жол ашты. Егер Ғилаж ағаның соғыстағы жорық жолына қарап отырсақ, Сталинград майданындағы жан беріп, жан алған 7-8 айлық соғыстың арты жеңіспен аяқталып, жауды өкшелей қуып Украинаға жетіп, Молдавияның терістік сырты арқылы Кишинев, Одан Румынияның астанасы Бухаресті азат ету, Белгород үшін ұрыс, Венгрияны басып өтіп, Чехословакия, сөйтіп ірі қарай жалғаса береді. Ажал арқалаған оқтың қашан, қайдан келері белгісіз. Мәселен ол үшін Украина даласындағы әрбір ұрыс аса жауапты және қауіпті болды. Солардың ішінде Белгород –Харков бағытындағы шабул ұрыстарының орыны бөлек. Операция тамыз айында 20 күнге (02.08-23.08. 1943 жыл) созылды. Солтүстіктен Воронеж және шығыс беттен Далалық майданның әскерлері жаудың оңтүстік бағытындағы аса мықты қорғанын бұзып өтіп, жеклеген топтарын жойып жіберді. Белгород, Лебедин, Ахтырку, Богодухов, Веприк, Краснокут, Безлюдовка елді мекендерін жаудан тазартты. Әскер әр-бір майданда 80-100 километрге дейін алға жылжыды жылжыды.

Бір қарағанда Курек бағытындағы ең ірі соққысы Қызыл Армияның кеңес-герман майданындағы ең шешуші және әскери командованиеге сенім артқан шабул болды. Сөйтіп осы кезде Псков жерінен Азов теңізіне дейінгі  1 мың шақырымдық аралық германдық қаскөйлер табанынан азат етілді.

Цитадель операциясы жүзеге аспаған жау бұдан былай тек қана қорғанысқа көшіп, «Вотан» (Пантера) немесе «Восточный бал» қорғаныс желісін құрды. Оның өзі Днепр сынды, бірақ шағын өзендерді қалқалап, жан сақтау әдісі еді.Тіпті Гитлердің өзі «Вотан» операциясына сенім артып, «Жақын уақытта  Днепр өзені кері қарай ағып, не оны орыстар басып өте алмайды» дегенді. Бірақ Ставканың 1943 жылғы 16 тамыздағы бұйрығы негізінде Воронеж, Далалық Орталық майдандар комадованиесі Вермахтың Днепр қорғанысын қалайда бұзып өту тапсырмасы қойылды. 15 қазаннан 22 желтоқсанға дейінгі 2 ай жеті күнге созылған Днепр өзенінің оң жағалауындағы плацдармды кеңуйту үшін ұрыс аса кең ауқымда  25,28 қазан, 3,14,15 қараша, 6 желтоқсан күндері өтті.

Сөйтіп бір шабулдан соң екіншісі, үшіншісі, жалғаса берді. 1943 жылғы 6 желтоқсандағы ұрыс Ғилаж Шайқымұлының есінде ұзақ сақталды. Сол жылғы 12 шілдеден 25 қарашаға дейінгі далалық майданда әскери міндетін атқарған ол бұдан әрі Екінші Украина майданындағы атқыштар полкінің саперлар взводында бөлімше командирі болатын. 29 тамызда Белгород қаласы маңын барлау, минадан тазарту және шабулдаушы әскерлерге қолайлы жол ашудағы осы жауапты жауынгерлік қызметі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны бар. Бұған дейін Ғилаж ағаның төсінде «Сталинградты қорғаудағы ерлігі үшін» медалі болғанды.

Бір ғажабы халқымызда «Қырық күн қырғын болсада ажалды өледі» демей ме? Ғ.Шайқымовтың осы кезде оқ пен оттың ортасында жүргеніне жыл жарымдай уақыт өтседе денесіне бірде-бір рет жау оғы тимегенді. Ал алтыншы желтоқсандағы Войновка деревнясын алу жолындағы ұрыстағы жеңіске оның қосқан үлесі мол болды.

Деревня Ингулец өзенінің арғы бетінде.Өзен әліде толық қатып үлгермеген. Үлгергеннің өзінде оның қалың қол және ауыр соғыс техникаларын көтеруі мөмкін емес. Ендеше әскер өтер тайыз өткел табу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Міне осы кезде бар міндет Ғ. Шайқымов басқаратын саперларға жүктелді.

Желтоқсанның желді-құзды күндерінің бірі. Қайта-қайта  қар қылаулап, бөгде жүрістегі жолаушыға мөмкіндік жоқ. Осындай қолайсыз шақты тиімді пайдаланған саперлер алғашқы барлауды сәтті аяқтады. Өткелде табылды, аса керім тереңде емес. Бірақ баратын жол, әсіресе аса ауыр соғыс техникасына арналған бағытқа 10 мина қойылған екен және арғы беттегі өткел аузына автоматшылар тосқауылы тұр.

Ғилаж Шайқымұлы бастаған взвод жігіттері салқындығы шекеден шығар суды кешіп жүріп, жолды минадан тазартты, аса күшті автоматшылар оғының астында жүріп жаяу әскер өтетін сал көпір тұрғызды. Сөйтіп межедегі деревняға шабулдың сәтті аяқталуына мөмкіндік жасады.

Осы ерлігі үшін ол 30 желтоқсандағы полк командирі майор Г.Казарчуктың ұсынуымен 1944 жылдың 1 қаңтарында «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды.

Тегінде майдангер ағамыз тірісінде соғыс жайлы, ерлік жолдары жайлы айналасына, тіпті балалары сұрап жатқанда да жарытып ештеңе айтпайтын. Ол «Қызыл жұлдыздан»  кейін де, Киевті, Германияны азат етудегі ерліктері үшін, Отан соғысының 2-ші дәреже орденімен марапатталған. Сонымен бірге «За боевые заслуги», «За оборону Сталинграда», «За победу», «За победу над Германией в ВОВ 1941-1945гг» медальдарының иегері.

Бейбітшілік заманда Отан соғысы жеңісінің 20,25,30,35,40,45,50 жылдық медальдары мен Совет қарулы күштерінің 30,50,70 жылдық медальдарымен марапатталған.

Ғ.Шайқымов 1943 жылы партия қатарына өтіп , ұлы жеңіс жалауы желбірегеннен кейін де Кеңес армиясы қатарында болып, тек1947 жылдың ақпан айында 2-ші топтағы мүгедек есебінде елге оралады.

Бейбіт өмірде өзі туған Құрманғазы ауданының «Ворошилов», «Правда»  колхоздарында, кейін Киров, Құрманғазы аттарындағы совхоздарда қойма меңгерушісі, есепші, ферма меңгерушісі, қызметтерінде болады.Ферманың партия ұйымына жетекшілік жасайды. Бұл салалардағы марапаттарының өзі бір төбе.

Ол өмірде құдай қосқан қосағы Ғилаж (ол кісініңде аты осылай болатын) Қапшайқызы екеуі отбасылық жылдарында 9 ұл-қыз өсіріп, бәрінеде заман талабына сай арнаулы орта және жоғары білім алып берді.

Ғилаж Шайқымұлының соғыстағы ерліктері мен бейбіт замандағы үлгілі өмірі туралы 1) облыстық Атырау газетінде 2017жылғы 16 мамырда  «Берілмей қалған марапат» атты мақалада 2) Құрманғазы совхозына 60 жыл кітабында (2023ж) 3) жазушы, журналист Өтепберген Әлімгереевтің «Қызыл кітап» (2024ж) атты кітабында жақсы пікірлер жазылған.

Осындай еліне елеулі, халқына қәдірлі, сыйлы майдангер ағамызды аулдастары құрмет тұтып сыйлап есте қалдыру үшін, Ғизат Алипов атындағы ауылындағы жаңа Құрылыс көшесінің атын өзгертіп Шайхимов Ғилаж есімін беруге шешім шығарып ұсыныс берді (2023ж 17 қараша Дыңғызыл аулдық округі әкімінің аппараты шешімі ).

Бұл елім деп соғыста айқасып ерлік жасаған, бейбіт өмірдегі еңбек адамына,  жайсаң азаматқа берілген аулдастарының ұсынысын, жоғары жақтағы органдар қолдайды деп сеніміз.

Нұрлығайын Нұғыманов,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT