Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауын еліміздің жарқын болашағына арналған стратегиялық құжат деуге болады.
Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда атқарылатын жұмыстар кезең-кезеңімен қарастырылған. Президенттің халыққа арналған Жолдауы тың идеяларға толы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-қуатын одан әрі көтеруге арналып отыр. Онда білім саласына да айтарлықтай басымдық берілді. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың біліміне, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты.
Мамандық таңдауда да жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, өмірлік қағидалар мен ел дамуындағы өндірістің маңызын түсіндіре білу керек. Техникалық мамандықтарды таңдауға ықпал ете білсек, кәсіпорындардан жұмыс та табылып, елдегі жұмыссыздар қатары айтарлықтай азаяды. Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы елдің көкейіндегі көкейтесті жайлар. Ал, сала қызметкерлерін қолдау мақсатында мұғалімдер жалақысын алдағы жылдан бастап 25 пайызға көтеру, білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру және аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсыруы халықтың көңілін бір көтерді. Маңызды құжатта мүгедек балаларды емдетуге де ерекше назар аударылды. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оларды күтіп-бағу, емдету, оқыту жағынан қиындыққа тап болып та жатады. Көп жағдайда бұл қаражатқа келіп тіреледі. Алға қарай ол шешілмек.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған Жолдауда азаматтардың құқығы мен қауіпсізідігін қамтамасыз етуге де тоқталды. Сот шешімдерінің сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті. Заңдылықтағы қарама-қайшылықтар азаматтардың игілігіне қарай шешімін табуы тиіс. Зиялылықты басты бағыт тұтқан мемлекет болғандықтан қатыгездіктен бас тарттық дегенімізбен, педофилия сияқты адамға кесапатын тигізетін қылмыстарға қатаң жаза керек екендігін уақыттың өзі ұсынып отыр. Президентіміз айтқандай құқық қорғау жүйесін реформалау да көкейтесті мәселе болып отырғаны жасырын емес.
Жалпы Жолдаудағы жеті бағыттың бәрі еліміздің өркендеуі, оның халықаралық аренада беделі биіктей түсуі үшін маңызды. Мемлекетіміз бүгінгі күнмен ғана шектеліп қалмақ емес. Еліміз алдағы уақытта да даму¬дың жаңа мүмкіндіктерін іздеуді тоқтатпайды. Әлемдік кеңістікте жалғыз өмір сүрмейміз, сондықтан дүниежүзінде қалыптасқан саясатпен санасу қажет. Президенттің Жолдауында сүйікті Қазақстанымыздың одан әрі дамуы үшін әбден ой талқысынан өтіп, уақыт тезімен түзелген нақты тапсырмалар берілді. Оны жүзеге асыру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында әрбір қазақстандық маңдай терін төгуі керек.
Болатбек Өтегенов,
Құрманғазы аудандық агроколледждің директоры