Мақсатымыз – елге қызмет ету

(0 Votes)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігін, олардың мемлекетке сенімді әріптес бола алатынын айтып, азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған  еді.

Себебі, олар халықпен етене араласатындықтан туған жерімізді көркейтуге, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға, рухани құндылықтарымызды насихаттауға да өз үлестерін қосып келеді. Ауданымыздағы осындай  азаматтық қоғам институттарының бірі «Құрманғазы «Туған жер» қоғамдық қоры» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Азамат Абдуллаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

masatymyz--elge-yzmet-etu

–Үкіметтік емес ұйым ретінде қашаннан бері жұмыс жасап келесіздер?

–  2019 жылы ауданымызда «ЖаcProdjekt» жобасы арқылы 29 жасқа  гранттар беріліп, олар өздерінің әлеуметтік жобалармен айналысты. Жоба басталғанан кейін ҮЕҰ не  екенін, қоғам үшін маңыздылығын көре білдім. Сол жылдары «САМҒАУ» деген, мектеп мұғалімдері мен оқушылардың сыни ойлау дағдыларын дамытуға  арналған керемет жобамыз  болған еді. Осындай жобалардың басында жүріп, ментор тренер деген статус алдым. 2019 жылы сәуір айының 9 күні  «Құрманғазы-туған жер» қоғамдық қоры құрылды. Сол жылы  үкіметтік емес ұйымдар  туралы көптеген ақпараттар таратылып, қатысушылар  оқытылып, жоба аясында оны ашу, қызметін  жүргізу, тапсыратын есептерін  түсіндіру жұмыстары  жасалды. Әрине, оны ашу бізге оңайға түскен  жоқ. Әділет басқармасына тіркелеу үшін әрбір құжат  жеке тексерістен  өтеді. Себебі, қоғамдық қордың  өзінің жарғысы, соның негізінде жасайтын жұмыстары болады. Осы жарғы мен жұмыстарды заңдастыруда  бұрын тәжірибеміз болмаған соң  аздаған қиындықтар  туғызды. Қандай бір жоба болмасын оны ауылдық жерге тарту мен үшін үлкен қуаныш.

Құрылғаннан бері қандай жұмыстар атқарылды?  

–  2019 жылы Құрманғазы ауданының шалғай ауылдарының  әлеуметтік мәселелерін  шешуге бағытталған жобамызды бастап, әлі жалғастырып жатырмыз. 2020 жылы  Еріктілер жылына орай ең алғашқы «Ашық жүрек» жобасын бастадық. Бұл жобамыз ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арналған спорттық сайыс болды. 2020-2022 жылдары «Құрманғазы-Туған жер» ҚҚ спорт, білім, денсаулық, әлеуметтік бағыттар бойынша  жұмыс жасап келеді. Жұмысымызда шетелдік компанияларды да волонтерлік жобаларға  тартамыз. «НКОК» және «Қазмұнайгаз» компаниялары арқылы оқушыларға әлеуметтік санатына байланысты азық-түлік, аяқ киім, сабақ құралдары  әперілді. Әр жыл сайын мүмкіндігінше  Атырау облысының басқа ұйымдармен бірлесіп волонтерлік жобаларды жүзеге асырамыз. 2021-2022 жыл жылдары мектеп оқушыларына арналған «Кәсіби бағдарлану» жобасы ауданымызға қажеттілігін  ескере отырып, мектеп әкімшілігімен  және ата аналармен  мамандықтарды таңдау бағыттарында онлайн және оффлайн кездесулер ұйымдастырдық. «Birgemiz Bilim», «Asul Mura», «Saylyq», «Umit»,  «Демеу» волонтерлік және биылғы жылы «Шелл» компаниясының қаржыландырумен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен экологиялық білім беру, эковолонтерлікті дамыту аясында «Құрманғазы ЭКО» жобасы жүзеге асырылуда. 

– Грант алып жүрсіздер ме? Ол қалай беріледі?

– Қазіргі таңда Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Олардың қатарына үкіметтік емес ұйымдар да кіреді. 2020-2022 жылдары «Құрманғазы-Туған жер» ҚҚ 10-ға жуық грант алды және ол жалғасуда. Әр жыл сайын 10-15 жоба тапсырсақ, соның 2-3-іне грант бөлінуіне қол жеткіземіз, оған да шүкір. Бір жобаны дайындау, оны жазу, жасау оңай емес. Көптеген ресустар, білім, тәжірбие қажет. Мұнай компанияларымен бірлесіп жұмыс жасап келе жатырмыз. 2020-2021 жылдары, үш жыл қатарынан шағын гранттарға қатысып, соның аясында ауылдық жерде экономикалық, әлеуметтік, денсаулық, білім беру бағытындағы жобаларды қорғап, жұмыстар  жасадық. Қоғамға қажетті жобаларға қатыстық. Нақтылап айтсақ, 2020 жылдан бастап 11 грантты жүзеге асырдық. 2020 жылы – 3, ал, 2021 жылы – 3, биыл – 4 грантқа қол жеткіздік. Әрбір грант бойынша жасалған жұмыстардың есебін тікелей министрлікке жіберіп отырмыз. Мысалы, 300 мыңның грантын алсақ, соның 20-30 құжаты болады. Қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» бар. Бұл ең бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және әрбір грант алушы өзінің жобасын эксперт алдында қорғауы, оны түсіндіруі, айта білуі үшін аса маңызды Орталық арқылы жыл сайын көптеген гранттар халыққа, оның ішінде ҮЕҰ -ға ашық түрде гранттар жарияланады. Әрбір жоба бойынша тапсырылатын есеп құжаттары сарапшылармен сараланып, қаралып, бекітіледі. 2020 жылдан бастап «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Ақпараттық  даму министрлігіне қарайды. Қазіргі кезде ҮЕҰ-ды қолдау жыл сайын көбеймесе, азайып отырған жоқ. Бүгінде біздерге ТШО компаниясының қаржыландыруымен, «Орталық Азия-Еуразия» қорының ұйымдастыруымен «Алғыр» жобасы оқытылуда. Оқыту  бағдарламасы аясында ТШО компаниясының гранттарына өтінім беру және ТМД елдерінде тәжірибе алмасу, қазіргі  әлеуметтік жобаларға қолдау табу және тренер дайындау сынды үлкен бағыттар қамтылады.1 жыл көлемінде білім аламыз.

– Алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар? Шешімін күткен мәселелер  жайлы әңгімелесеңіз?

– Ауданымызда әлеуметтік мәселелерді қоғаммен және билікпен бірлесіп шешуге үлесімізді қосқымыз келеді. Мектеп оқушыларына арнап жылыжай салдық. Алдағы үлкен жоспарымыз оларды еңбекке баулу, егін шаруашылығының маңыздылығын түсіндіру, оны өсіріп-өндіруді мектеп жасынан бастап үйренсек деген құлшыныстарын қолдау. Жоспарларымыз көп, бұйырса оны қоғам болып бірлесе орындармыз. Әрине, шешімін күткен мәселелер қашанда болады. Соның ішінде ауылдық жерлерге мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға арналған гипотерапия, сауықтыру орталығы, жастар бос уақытын өткізетін орындар қажет. Көп мәселелер  өзіміздің талпынысымызбен, билік орындарының қолдауымен оң шешімдерін табуда. Әрбір жобаларымызға, іс-шараларымызға  қолдау көрсетіп отырған «Азаматтық бастамалар орталығына», оны аудан көлемінде жүзеге асыруда көмегін көрсететін Құрманғазы аудан әкімшілігіне, оған қарасты мемлекеттік органдарға, қоғамдық  ұйымдарға, мектеп әкімшіліктеріне, ақпараттық жағынан сүйемелдейтін  «Серпер» редакциясына алғысымызды білдіремін. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, осындай жан-жақты қолдаулар бізді ынталандырып, жігерімізді шыңдап, жұмысымызды  өз деңгейінде көрсетіп жатады. Бәрімізде де бір мақсат бар – ол туған елімізге қызмет ету.

 – Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті бола берсін!

Сұхбаттасқан Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT