Мақаштықтар мал азығын молынан дайындауда

(1 Vote)

Мал шаруашылығы – ата-бабаларымыздан жалғасқан дәстүрлі кәсіп, ауыл шаруашылығының негізгі күретамыры.

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, ауыл тұрғындарының шөптің басы қылтия бастаса, шабындық іздейтін әдеті бар. Қазір мал азығының сенімді қорын жасау жолында қызу еңбектің қайнаған тұсы. «Мақаш» ӨК пішеншілері айналдырған 2-3 аптаның ішінде мая-мая шөпті едәуір мөлшерде жинап үлгерген. Қазан айының ортасына дейін 4 мың орам шөпті жинау жоспарлануда.

img_3253

Ауылдан 25 шақырым ұзайтын шабындық жерінің көлемі 15 мың гектардан асып-жығылады. Яғни, мал жайылымына да кедергі келтірмеу көзделген. Бұл жер 2004 жылы кооператив қарамағына заңдастырылып, 2019 жылы қайтадан құжаттары толық жасақталып, базаға тіркелген. Жыл сайын мемлекетке тиісті мөлшерде салық төленеді. Бүгінгі таңда шөп шабу науқанына 10 шақты қызметкер жұмылдырылған. Одан бөлек округ әкімшілігімен келісім түрінде ауыл шаруагерлерінен де бригада құрылып, оларға арнайы қысқы азықты қамдау үшін жер бөлінген. Кооперативпен келісімшарт жасасқан бригада құрамындағы 10-нан астам жеке шаруашылық иелері, атап айтсақ: М.Қажетов, Р.Ибраев, Н.Нұрышев, Б.Қабдрахманов. Б.Мүтиев, Ж.Хисин, М.Сатыбалдиев, Н.Тайров, Ә.Қуанышбаев, Е.Мүслимов, Ө.Есенғазиев, т.б бірлескен істің нәтижесінде өз несібелерін алып, түсімнің 20 пайызын өндіріс орнына табыстайды.

img_3264

Кооператив төрағасы Жеңіс Абулхайров өз көлігімен шабындық жерді аралатып, қызу тірліктің жай-жапсарымен таныстырды. Былайғы уақытта да үнемі бақылау жүргізіп, басы-қасында жүретінін, белгілі бір жүйе болмаса жұмыстың алға басуы қиын екенін алға тартты. Шөптің қурамауына, жайқалып өсуіне «Комсомол» каналының тигізер септігі мол еді. Қазір оның тартылуына байланысты, өкінішке орай, көп гектарды қамтитын жерді қуаңшылық тартқан. Егін секілді, шөптің де пісетін уақыты бар. Алғашқы ұзарған шөптің басы адам бойынан асады. Бір байыз табуды білмейтін нағыз еңбектің майталмандары күніне 50 орам шөптен кем жинамайды. Кооператив тарапынан шаруаға қажетті құны жоғары құрылғылар, 3 трактор, 1 камаз, май, жағармайға дейін қамтамасыз етілген. Қалың шөпті А.Кенжеев бір боймен асқан жылдамдықпен шапса, оны бригадир Е.Бозаев тырмап, жинайды. Е.Махуов барлығын бірдей көлемге бөліп, ораса, Ө.Туршиев буып, маялап, Б.Қажетов пен Ө.Андиров тасымалдау жұмысымен айналысады.

i

Тамыздың ыстығы тас төбелерінен төніп тұрғанда шөптің теріні тілуінен сақтанып қалың киім, керзі етік киіп, қара терге малынған жұмысшылардың бір қабақ шытып, қара аспанды төндірмейтініне таңқаласыз. Еңбек бригадирі Е. Бозаев: «Таңғы жетіден бастап, қарқынды тірлік басталады. Бір сағат түскі асқа үзіліске барып келеміз де, кешкі 8-ге дейін екпінді еңбек етеміз. Төрт-түлігіміз үшін алтынға айырбастамайтын өніміміз ғой. Өзі 2-3 айдың ғана жүзінде жиналатын болған соң, қолдан келген істе аянып қалуға болмайды»,-деді.

img_3276

Шаруагерлердің үй-жайы шабындықтан алыс болған соң, кооператив жатын орынның да мәселесін шешкен. Уақытша қоныстанатын «Қадыр» учаскесінде (бұрынғы қыстақ) үш мезгіл ыссы тамағын әзірлеп, кір-қоңдарын шайып қоятын арнайы қызметкер, кооператив құрылысшысы Ш.Абдолов бар. Ер адам болса да ісіне ұқыпты, мұнтаздай таза. Тіпті ат шаптырым уақытта тәтті дастарханынан да дәм тигізіп үлгерді. Қажетті азық-түлік, тұрмыстық заттарды кадр бөлімінің жетекшісі Т. Сатыбалдиева әкеліп беріп тұрады.

img_3280

Кооператив төрағасы Ж.Абулхайров: «Барлығы да ел игілігі үшін жасалып отыр. Шөп орамдарын ауыл тұрғындарына тиімді бағада сатып отырмыз. Тіпті, көрші ауылдардан да қызығып, сұраушылар көп. Жер-анамыздың байлығын күтіп, баптап, қажетімізге жаратуға елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Ешкімнің ақысын жемейміз, жалақылары жасаған жұмысына қарай уақытылы төленеді. Алайда, көбісі алпысты алқымдаған жандар. Олардың орнын басатын жас кадрлардың тапшылығы барын жасыра алмаймыз. Айналдырған екі аптаның ішінде, бірлескен жұмыс нәтижесінде 1000-нан аса мал азығын дайындап үлгердік. Қыркүйек айының ортасына қарай, басқа да аймақтардағы шөп пісіп, жетілгенде оны жинауға қыр бойынан бригада құрамын қосамыз. Қалып қойған шөп қалдықтарын келесі жылға кесел болмас үшін жаз, күз айларында өртеп, тазартып тұрамыз. Бір қынжылтатыны, жаз айы басталса, иелері малдарын мүлдем қараусыз жібереді, бағытсыз мал шабындыққа залалын тигізеді. Одан қалса, ұрлық жасайтындар әлі де бой көрсетеді. Сонымен бірге, шаруаға керек көп мөлшерде пайдаланатын жағармай, басқа да құрылғыларды құзырлы мекемелер жеңілдікпен сатса деген тілегіміз бар»,-деп түйіндеді.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT