Мақаштағы мазасыз шақ

(0 Votes)

Теңіз қолтығына сұғына орналасқан Мақаш ауылдық округінде де өр суының биылғы тапшылығынан гектар-гектар шабындықтарда шөп сұйық.

Тіпті жылда мая-мая пішен дайындалатын жерлер таз басындай тап-тақыр. Өткен әзірде округ әкімі Болат Мұфтах ауданда болған алқалы жиында бұл жөнінде мәселе көтерді. Дұрыс, малға азық болмаса, ауылдастар алдына келіп, мазасын алары өз-өзінен түсінікті.

Сол жолы басын сығымдап ұстап қиналған әкім бұл жолы тұйықтан шығар жол тапқандай. Ауылдастарға жөн сілтеп, өзі бас болып шығып, қырлық пен ойдағы көрінген көк шөпті көзге іліп, жалпы округ бойынша жүздеген тонна пішен дайындалғанын қаперледі.

Әсіресе шаруа қожалықтары Өтешов Ғалымжан, Жалғас Семен, Әділов Тұрарбек, Ахметов Өмірбек, Қажетов Нұрдәулеттер жалпы қажеттерінің 80 пайыз мөлшерінде дайындаған. – Алда тамыз, қыркүйекте де қарап отырмаса, жағдай оңынан айналары кәміл,-дейді жүзі күреңіте нұрланған ауыл әкімі.

Ал, атағы ауданнан алыс кеткен «Құбашев Есболат» шаруа қожалығы «Комсомольск» телімінен 100 тонна сапалы шөпті бабын кетірмей орып, шаруа жайы басына сайлап қойыпты. Мақаш өндірістік кооперативінде де мал азығын дайындауға жоғары маңыз беріліп, жылдағыша «Қадір» аталатын алқапқа ерте орақ салды. Қазіргі 650 тонна дайындалғанын келер күндердің бастамасына балайды, қиындықтан беті қайтып көрмеген төраға Жеңіс Әбілхайыров мырза. Мақаш кооперативіне жалпы қажеті 1300 тонна мал азығы болса, соның күні бүгін тек жартысы қолда бар. Науқанның қалған бөлігінде меже биігінен көрінетініне бұлар да шанымды. Мақаштағы мазасыз шақтың бүгінгі нәтижесі осындай.

Т.Тасмұханов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT