Аппарат және әкімдік мәжілістерін аудан әкімі Қайрат Нұртаев ашып жүргізіп, күн тәртібіне қойылған мәселелермен таныстырды.
Аудан бойынша шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағытында атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Гиззатова өз хабарламасында өткен жыл ішінде мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар негізінде басталған істерді, пайдалануға берілген нысандарды тілге тиек етті. Сондай-ақ соңғы кезде өлкемізде қолға алына бастаған туризм саласына тоқталып, ауданымызда кәсіпкерліктің дамуына қолбайлау болып отырған кейбір мәселелерді санамалап берді. Аудан әкімі Қ.Нұртаев өңірімізде мал және балық шаруашылығы жақсы жолға қойылғанын алға тартып, енді егіншілікпен айналысуды, оның ішінде жылыжай салуды, оған инвесторлар тартудыжандандыру қажеттігін айтты. Туризмді дамыту бағытында демалыс орындарын ашуға инфрақұрылым мәселесі үлкен кедергі болып отырғанын, оны тезірек шешудің жолдарын қарастыру қажеттігін ескертті. Ауыл шаруашылық өнімдеріне жоспар бойынша жәрмеңке өткізуді, науқан кезінде су маржандарын арзан бағамен сатуды ұйымдастыруды аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Р.Сәуменовке тапсырды. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман бұрындары жаға бойында тірілей балық әкеліп сатылғанын, тұрғындардың сұранысына орай осы іс қайта қолға алынса деген тілегін жеткізді.
«Аудан елді мекендерінің санитарлық жай-күйі мен көріктендірілуі» туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ә.Әжіғалиевтің хабарламасы назарға берілді. Мәселені қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Нұртаев қатты тұрмыстық қалдықтарды жою бойынша аудан орталығында сұрыптау орнын салдыртудың, тазалық айлығына көп болып жұмыла кірісудің маңыздылығын, көгалдандыру жұмыстары биыл да жоспарға сай жалғасын табатынын жеткізіп, бұралқы ит-мысықтарды жою жөніндегі конкурстың қазіргі жайын сұрады. Аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Е.Мұханбетәлиев «Аудан бойынша азаматтарды көктемгі әскери қызметке шақыру жұмыстары» туралы баяндады.
Әкімдік мәжілісінде күн тәртібіне орай аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ә.Әжіғалиевтің «Құрманғазы ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі», аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаеваның «Аудан әкімдігінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №176 «Құрманғазы ауданының шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектептерге тасымалдаудың схемалары мен қағидасын бекіту туралы» қаулысының орындалысы», аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Хасанованың «2019 жылғы аудан бюджетінің орындалу қорытындысы» жөнінде хабарламалары тыңдалды.
А.Шакупова