Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегендей мен де осы әлеуметтік желі арқылы жомарт жүректі азаматқа аналық алғысымды білдіргім келеді.
Мен Есеркеова (Капрова) Людмила, ұлтым орыс болғанмен жүрегім қазақ, тілім де қазақша. Өйткені Құрманғазы ауданы Даулеткерей ауылының азаматы Есеркенов Салихпен отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, көп балалы жанұя болып отырмыз. Марқұм ата-енемізден қалған қара шаңырақта ел қатарлы өмір сүріп келеміз. Тұрған үйіміз апаттық жағдайға жеткен соң ауламызға үй тұрғызған едік. Жолдасым зейнеткер, өзім қарт анамды бағып отырғандықтан үйді тұрғызуын тұрғызғанмен ары қарай жылуы мен жарығын тартуға, төбесін жабуға мүмкіндігіміз жетпеді. Ел қолдап, көмек жасап, үйдің төбесі жабылды. Ескі үйдің төбесі опырылып кетті, алда қыс келе жатыр деп уайымдап, ел ағаларына да жағдайымды айтқан едім.
Күні кешегі өткен сайлауда өзіміз қолдап дауыс берген азамат, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұбанов Әділ Орынбасарұлы осы менің өтінішіме үн қатып, үлкен жақсылық жасады. Үйіміздің жылу жүйесін жасауға қажетті барлық құрал-жабдықтарын және ішкі бөлмелердің есіктерін алып беруге демеушілік жасады. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін азаматтық қадам үшін айтар алғысым шексіз. Ауылдың қарапайым жанұясына осындай үлкен қолдау көрсеткеніне қуанып, сіздермен бөлісіп отырмын. Жұбанов Әділ Орынбасарұлындай жомарт азаматтардың арқасында еліміз өркендей берсін. Өзімнің отбасымның атынан Рахмет айтамын және ел үшін атқарып жатқан қызметіне абырой, деніне саулық тілеймін. Батаменен ер көгерер дегендей, алғысқа бөленіп, мерейіңіз өсе берсін, Әділ Орынбасарұлы!
Құрметпен Людмила Есеркенова