Мәскеуден Гран-При иеленді

(0 Votes)

2-3 наурыз аралығында Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының халық суретшісі, даңқты модельер Владислав Зайцевтің 85 жасқа толуына орай Халықаралық «Russian Beauty 2023» және «Universe Beauty 2023» сұлулар, моделдер мен жас дарындар конкурсы өтті.

Кең көлемде ұйымдастырылған шараға Ресейдің өзінен және басқа да мемлекеттерден түрлі жастағы ондаған үміткерлер қатысып, бақтарын сынады. Ресей Федерациясының Құрметті азаматының мерейтойлық шарасына арналған конкурсты ұйымдастырушылар сонау Мәскеу қаласынан Көптоғай ауылдық округінің тұрғыны Мариам Ишанғалиеваға оған қатысу үшін арнайы шақырту жіберген еді. Мұның өзі еліміз, ауданымыз үшін үлкен құрмет. Әлемге танымал сән өнері мэтрінің шарасына көрінгенді шақырта бермейтіні анық. Ал, Мариам кішкентай болғанымен бұған дейін де әлемдік дәрежедегі сайыстарда топ жарды. «Жүзден жүйрік озады жарысқанда», дегендей жерлесіміз, Мариамның бұл жолы да жұлдызы жарқырады. Кешкі, спорттық және ұлттық киім үлгілерін көрсеткен, екі күнге созылған сұлулар мен моделдер қатысқан конкурста Гран-При иеленді. Қазақ қызы сахнаға шыққан сайын қатысушылар қол соғып қошемет көрсетті. Құрамына Ресейдің танымал өнер қайраткерлері, сұлулары, суретшілері мен моделдері енген әділқазылар алқасы жерлесімізді бас жүлдеге лайықты деп тапты.

Осылайша Қазақ елінің бір түкпірінде жатқан шағын ғана ауылдан шыққан қазақ қызының кеудесі Мәскеудің төрінде алқызыл лентамен көмкеріліп, басына тәж киді. Көптоғайлық аруымызға 30 мың рубльдің сертификаты (173400 теңге) мен маусым айында Түркияда өтетін халықаралық жарысқа жолдама табыс етілді. Болашағынан зор үміт күттіретін Мариамды мақтан тұтамыз. Алдағы өмірі де жарқын болып, түрлі сайыстарда бағы жана берсін деген тілектеміз.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT