Көптоғайлық кішкентай жерлесіміз Мариям Ишанғалиева 3 желтоқсан күні Мәскеуде өткен, алып Ресейдің әр түпкірінен танымал сұлулар мен өнер иелері қатысқан «WAYPARK MOSKOW» байқауында модельдер арасында «Үздік модель-2022» аталымын жеңіп алды.
Енді 18 желтоқсан күні Мәскеудегі «Главкино» кинокешенінде «DMC MUSIC TV» түсіретін кең көлемді «Жаңа жыл кеші» атты телешоуға қатысады. Tomas Nevergreen, Фрида және «Полиция Нравов», Виктор Салтыков, Александр Бердников, Сергей Грейс, Максим Завидия, Рома Неваш және басқа да өнер жұлдыздары шақырылған, біздің Мариям түскен бұл концерт 31 желтоқсан күні сағат 23:00-де (Мәскеу уақытымен) басталып 1 қаңтар күнгі түнгі 2:00-ге дейін созылады.
Керемет кеште Мариямға үлкен сенім артылып, janavesna_designer атты дизайнердің сән үлгілерін көрермендерге таныстыру ұсынылып отыр. Осыдан кейін кішкентай сұлуымыз 2023 жылы 22-23 наурыз аралығында Түркияның Стамбул қаласында өтетін байқауға жол тартады.
Бұған дейін Сочидегі халықаралық әдемiлiк конкурсында Гран при иеленген көптоғайлық оқушы Мариям Ишанғалиева былтыр маусымның 4-i мен7-сi аралығында өткен Халықаралық «Мировая модель-2022» конкурсында 106 қатысушының арасынан I орын алып, екi бiрдей тәж киіп, сұлулығына тәнті еткен. Тағы да топ жарып отыр. Сәттілік серігің бола берсін кішкентай жерлесіміз. Сенің болашағыңнан үлкен үміт күтеміз.
Қанат ҒҰМАРОВ