Мәселелер түйіні тарқатылмақ

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайрат Нұртаев аталмыш партияның ғимаратында тұрғындарды қабылдады.

Алғашқы болып кірген Нұржау ауылдық округінің тұрғыны Алтын Кубаева тұрғын үйіне газ жүргізуге көмек сұрады. Жалғыз басты ананың қолында қызы мен жиені тұрады. Өзі Нұржау ауылдық округінде ақылы қоғамдық қызметте, қызы жұмыссыз. Анықтай келгенде, тұрғын үй осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған А.Кубаеваның анасының атында тұр екен. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев округ әкіміне тиісті құжаттарды жасақтауды тапсырып, газ тартып, қажетті отындықпен көмек көрсетілетінін айтты.

Келесі кезекте Құрманғазы ауылының тұрғыны Динара Надирова тұрғын үй мәселесін алға тартты. Жалғыз басты ананың 3 баласы бар, екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Қазіргі кезде пәтер жалдап тұрады. Тұрғын үй кезегінде №65 болып тіркелген. Қызының денсаулығының әлсіздігі себебінен жатақханаға орналаса алмайды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев мәселеге сай түсінік беріп, баспана кезегімен берілетінін жеткізді.

Құрманғазы ауылының тұрғыны Күлаш Жәнгірова жұмыстан қысқартылғанын, әлеуметтік төлемақы толық төленбей отырғанына қапалы. Сондай-ақ, зейнетақы жасына жақындап қалғандықтан, көп жұмыс орнының есігі жабылғанын да жасырмады. Бұл мәселеге орай, К.Жәнгіроваға жұмыссыз ретінде тіркелген анықтамасын ұсынған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Әділбек Мусиннің мәліметінше, оның әлеуметтік төлемақыны толық алуға құқығы бар. Оған қоса, қолданыстағы заңға сәйкес, зейнеткерлікке 63 жаста шығатынын, әлі де еңбек етуге 5 жылдай уақыты барын, алдағы уақытта жұмыс орындары ашылса хабар берілетінін қаперледі.
 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT