Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өткен кеңесте Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндамаларды тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға бағытталған бірқатар мақсат-міндеттерді атап өтті. Мұнай-газ өнеркәсібін одан әрі дамытуда Қашаған кен орнын толық игеру мәселесін көтерді.
Бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттырып, сол арқылы жұмыс орындарын ашуды, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туғызуды назарға берді. Сондай-ақ, аймақтағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысына қатысты біраз келеңсіздіктер бар екенін айтты.
Мемлекет басшысы былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болғанын, әсіресе өлім көп «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударуды атап өтіп, облыста жол апатының жиілеп кетуіне алаңдаушылығын білдірді.
– Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек, – деген Президент автожолдарды салуды ұдайы назарда ұстау керектігін ескертті. Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда жақсы, орташа жалақы 358 мың теңге қарарында, бұл жалпы республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары болғанымен «Болашақ» зауытының кеңею жобасы аяқталғанда 55 мың адам жұмыстан босайтын қаперге берді. Облыс әкімдігімен олардың 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отырғандығын айтып, Үкіметке бұл бір өңірдің ғана міндеті емес екенін атап өтіп, тиісті шара қабылдау керектігін айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Атырау облысының әкімі М.Досмұханбетовке ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын алуды және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырды. – Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет, – деген Қ.Тоқаев облыс басшылығына емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз ету, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтау, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеді.
Сондай-ақ, кеңесте аймақты энергиямен, сумен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болып, Жайық өзенінің тартылып, онсыз да ауыз суға мұқтаждық туындауы мүмкіндігін еске салды. Үкіметке Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы қабылдаған бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы тапсырды. Өңір тұрғындарын сумен қамтып отырған «Астрахань–Маңғышлақ» су құбырының тозығы жетуіне байланысты Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына оны қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді.
Асқар ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы