МҰНАЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысы барысында ауданымызда 2019 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің хабарламасынан соң, жерімізде мұнай өндірумен айналысатын «Төбеаралойл», «Әскер мұнай», «Светланд ойл» компанияларының әлеуметтік пакеттер бойынша жасап отырған қызметтерінің барысы тыңдалды.

«Төбеаралойл» ЖШС-нің өкілі Қанат Ғаббасов: – Бізде 83 адам жұмыс жасаса, соның 33-і жергілікті жерден. Мұнайшыларға барлық жағдай жасалған. Олар демалатын, жуынатын орындармен, арнайы киіммен толықтай қамтылған. Демалыс орындарына да жолдама беріледі. 2 ауысыммен, 15 күннен жұмыс жасайды. Өздерін жақсы жағынан көрсеткен қарапайым екі қызметкер жоғары оқу орындарында оқытылды. Алға қарай жұмысшылардың 45 пайызы жергілікті жерден болады деген жоспарымыз бар, - деп серіктестіктің ауданда өтетін түрлі шараларға жасап отырған қомақты көмектеріне тоқталды. Аудандық мәслихаттың депутаттары Р.Сұлтанияев, М.Қуаншәлиев жергілікті жерден кадр дайындау мәселесіне қатысты сұрақтар қойды.

img_2359

«Әскер мұнай» ЖШС директоры Абай Өтепов: – 2012 жылдан бастап осында жұмыс жасаймыз. Барлау жұмыстарына 6 жыл уақыт бөлінетіндіктен әзірге толық күшімізде кенішті игеруге кіріскен жоқпыз. Серіктестігімізде 25 адам жұмыс жасаса, оның 7-сі осы ауданнан. Жыл сайын қайырымдылық шараларына да қол ұшымызды береміз, оған 5 миллион теңге бөлінген, - деді. Аудандық мәслихаттың депутаты Б.Кенжебаевтың мұнай алынған жерді сумен қалай толтыратыны жөніндегі сұрағына оны өндіріс жолға қойылса Қиғаш ЖӨДС арқылы шешетіндерін жеткізді.

img_2374

«Светланд ойл» ЖШС директорының орынбасары Байдәулет Ерғалиев: – Кәсіпорнымыз 1991-1992 жылдары құрылды. Содан бері аудан әкімдігімен қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Әлеуметтік шартта көрсетілген міндеттерді үнемі орындаймыз. Соңғы 2 жылда 1 миллион теңгенің көмегін жасаппыз. «Октябрск» кен орнында 15 адам жұмыс жасайды. Оның бірі сіздің ауданнан. Біздің мекемеде жұмыстан шығушылар жоқ. Бәрінің 20-25 жылдық еңбек өтілі бар. Зейнет жасына жеткендер орнына балаларын қалдырады. Орташа жалақы 300 мың теңге. Еңбек тәртібі қатаң қадағаланады, сол себепті өсек-аяңға, бірін-бірі көре алмаушылыққа жол берілмейді. Мұнай алынған жерге бұрғылау арқылы су жібереміз. Уақытымыз 2021 жылға дейін. Алға қарай жұмыс жасауымыз мұнай қорына байланысты. Тағы да 4-5 жылға созуға ұсыныс бергелі отырмыз, - деді. Аудандық мәслихаттың депутаты М.Қуаншәлиев Құрманғазы ауданына қандай көмектер көрсетіп отырғанын сұрады.

img_2379

 

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: – Ауданымызда жұмыс жасағандарыңызбен жыл сайын өзіміз сұрамасақ ештеңе бермейсіздер. Әлі күнге дейін ондай жоспарларыңыз жоқ. Мысалы, КТК мекемесі жыл сайын қомақты қаражат бөледі. Шырша тойын өткізуге, аз қамтылған отбасы балаларына киім алып беруге көмектеседі. Былтыр ауданымыздың 90 жылдығын атап өтуге қастарыңыздағы екі серіктестік 500000, сіздер 100 мың теңге бөлдіңіздер. Ауданымызда болмаса да «Ембімұнайгаз» мекемесі бір күндік жалақыларын аударып үйі өртеніп кеткен отбасына баспана әперді. Енді қысқы киім алып берейін деп жатыр, - деді. Аудандық мәслихаттың депутаты Б.Кенжебаев ауданымызда жұмыс жасап жатқан мұнай компанияларына бір-бір округтен шефтік көмек көрсетуге бөліп берейік деген ұсынысын ортаға салды. Тұрақты комиссиялардың отырысы соңында аудандық қоғамдық кеңестің жаңа ережесі бекітілді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT