Аудан көлемінде мұнай өндірумен айналысатын «Төбеарал-Ойл», «Әскер Мұнай», «Светланд-Ойл» ЖШС-нің әлеуметтік міндеттемелерінің орындалу барысын зерделеу мақсатымен аудандық мәслихатының құрылған уақытша комиссияның мүшелері аталған кеніштерде болып, тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңының 17 бабын басшылыққа алып құрылған комиссия құрамында оның төрағасы Рифхат Сұлтанияев, мүшелері аудандық мәслихаттың депутаттары Мансур Қуаншәлиев, Бержан Кенжебаев, аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жасқайрат Хамзин бар. Мақсат – кейбір өзге өңірлердегідей біздегі кеніштерде де еңбек етіп жүргендердің жағдайларын төмендетіп алмау.
Бізді «Төбеаралойл» ЖШС-нің учаске басшысы Жәнібек Хайдаров қарсылады. Комиссия төрағасымен әңгімесінде мұнда екі вахтада 56 адам жұмыс жасаса, соның 20-сы жергілікті жерден екенін жеткізді. Оның ішінде Еңбекші, Жапырық, Самаркин, Бұзауслан ауылдарының тұрғындары бар. Серіктестік бұл жерде 2002 жылдан бері мұнай өндірумен айналысады. Өнім көлемі тәулігіне 55 тонна.
Боз төбелер мен сары құмдар арасынан «Әскер мұнай» ЖШС-нің жұмысшылар қалашығы жап-жасыл болып алыстан мен мұндалайды. Кіре берісте серіктестіктің аты жазылған темір белгі орнатылған. Шағын қалашықтағы әрбір ғимараттың арасына асфальт жолдар төселген. Жан-жағы жеміс теректері, түрлі ағаштар. Тіпті мұнда қияр, қызан, асқабақ, бұрыш, қауын және т.б.өсіп жатыр. Алуан түсті гүлдер де көздің жауын алады. Жан-жағының бәрі тап-таза. Барлығын да тамшылатып суаратын етіп қойған. Жер асты қоймасындағы ағаш сөрелер мен қораптарда картоп, пияз, қырыққабат сияқты өнімдерді сақтайды екен. Жұмысшылар мұнда екі адамға арналған бөлмеде демалады. Әрқайсысының ішінде теледидар, желдеткіш, әжетханасы мен душ бар. Бос уақытында спортпен айналысқысы келгендерге футбол, теннис алаңы, жаттығу залы салынып, мүмкіндік туғызылған. Асханасы жабдықталуы жағынан үлкен қалалардағыдан кем түспейді.
– Біздің міндетіміз жұмысшыларымыз бос уақыттарын жақсы өткізіп, өз үйінде жүргендей сезінуі үшін барлық жағдайды жасау, - дейді маман Изат Нұрмағамбетов. Комиссия мүшелері аралап көру барысында шағын қалашықты санаториден кем түспейді деп бағалап, жұмысшыларға осындай жағдай жасағаны үшін серіктестік басшыларына ризашылықтарын білдірді. Комиссиясының төрағасы Рифхат Сұлтанияев, мүшелері Бержан Кенжебаев, Мансур Қуаншәлиев әлеуметтік пакеттің орындалысы, көрсетілетін көмектер, жұмысшылардың жағдайы, кадр және оны дайындау, экология жөнінде сұрақтар қойды. Оған серіктестіктің өндіріс жөніндегі бас менеджері Дамир Хұснетденов, өндіріс басшысы Ардақ Асылханов, маман Изат Нұрмағамбетов жауаптар қайтарды. Бұл серіктестік те демеушілік және әлеуметтік көмектер көрсетуден тартынып қалған емес. Биыл ғана жас дарындардың Астана қаласына баруы үшін 150 мың теңгенің демеушілігін жасаған. 99 977,46 теңгенің газет-журналдарына жазылған.
«Светланд-Ойл» ЖШС 1992 жылдан бастап ауданымызда орын тепкен. Мұндағы жұмысшылардың дені көршілес Исатай ауданынан. Жергілікті жерден, Құрманғазы ауылдық округінен аспаздық жұмысқа 1 адам тартылыпты. Өндіріс шебері Роллан Кабасовтың айтуынша 10 сорғыдан тәулігіне 47-48 тонна мұнай өндіріледі. Қара алтын 950 метр тереңдіктен шығады. Ол осындағы 6 және Забурын ауылындағы 6 қазанға құйылып отыр. 150 текше метр өнімнің 50-і ғана мұнай, қалғаны су. Су бірден ажыратылады. Мұнда жалақы 200 мың теңге болғанымен ол өнім көлеміне қарай аздап өсіп, кейде түсіп тұрады. Аспаздар 15 күн істейді, жалақысы 150 мың теңге. «Әскер мұнай» серіктестігіндегідей болмағанымен, мұнда да жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Комиссия төрағасы Рифхат Сұлтанияев: – Осыдан бірер жыл бұрын сіздердің басшыларыңыз И.Шмалды тыңдағанда жергілікті жерден адам алмағаны үшін сынағанбыз. Уәдесін беріп еді. Бірақ, әлі ештеңе өзгермеген екен, - деп ренішін білдірді.
Мұнай кеніштерін аралау барысында көзіміз жеткені олардағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайлары алаңдаушылық туғызбайды. Алға қарай өндіріс көлемі кеңісе жұмыс күші де арта түсері анық. Шағын болса да үш серіктестік те ауданымыздың түрлі шараларына қол ұшын беруде. Бірақ, жерімізді пайдаланып отырғаннан кейін алға қарай түрлі қызметтерге жергілікті жерде жұмыссыз жүрген адамдарды тартса нұр үстіне нұр болар еді.
Қанат ҒҰМАРОВ