Мүмкіндігі шектеулі де шет қалмайды

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен алдағы сайлауда мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беруге кедергісіз қол жеткізуі және ондағы дауыс беруі үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуі жөнінде жиын өткізілді.

Оған облыс әкімінің штаттан тыс мүгедектер жөніндегі кеңесшісі,  «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбаршын Нұржігітова қатысты.

1ad32a7a-b451-4420-9482-bd00a8309f38

Мәселеге орай аудан әкімі Қайрат Нұртаев сөз алып, төмендегі мәліметтерді назарға берді.

- Күні бүгін аудан бойынша көру қабілеті нашар – 232, Есту қабілеті нашар – 39, жүру қабілеті нашар – 77, барлығы 348 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы бар. Сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру кезінде «Аудандық мүгедектер қоғамы» мен «Игілік» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестіктерінің ұсынысы бойынша 6 адам, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруінің қолжетімділігін арттырудың қажетті шаралары алынды. Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің барлығы бірінші қабатта орналасқан, ғимаратқа кіре берісте пандустар бар және сайлау учаскелері тексерілген кезде 79 пайызының құрылыс нормалары мен ережесіне сай екенін көрсетті. Осы топтағы сайлаушылар үшін арнайы бұрыш жасақталып, компьютер, сондай–ақ зағиптар, нашар көретіндер мен нашар еститіндер үшін арнайы құрылғылар, құлаққаптар, үстелі бар жасырын дауыс беруге арналған кабина, қосымша жарықтандыру құралдары және өзге де жабдықтармен мерзімінде қамтамасыз етілуде. Одан бөлек сайлау учаскелерінде автокөлікке арналған тұрақтар бар, тактильді көрсеткіштерге (лента 600 метр) қосымша сұраныс берілді. Дауыс беру күні арнайы мекемеден 2 инватаксимен сайлау комиссияларына жәрдем көрсетіледі.

Жиынға қатысып отырған Күлбаршын Балхашқызы орталық сайлау комиссиясы дайындаған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы жадынаманың таныстырылымын өткізді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру және есту қабілеттері бойынша мүгедектігі барлар үшін сайлау учаскелерінде дауыс берудің бар көзделген жағдайлары бойынша түсініктер берді.  Дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі, яғни зағип, саңырау сайлаушылар үшін сурдоаудармашылар, тифлосурдо аудармашыларды тарту, осы топтағы сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтер мен бұрыштар, арнайы бильбордтар дайындау, жасы 18-ге толып алғаш дауыс беруге қатысатын мүгедек сайлаушыларды көтермелеу шарасын алуды ұсынды.  

f6b137d0-bd55-4aec-b38d-692b5dce69a6

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Ғұмаров, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ө.Есенғазиев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Бірәлиев талқылауға қатысып, пікірлерін білдірді.

 

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521